Жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты: Жерлестеріміз 2011–2015 жылдары қандай нәтиже көрсетті?

Жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты: Жерлестеріміз 2011–2015 жылдары қандай нәтиже көрсетті?

Санаулы күннен кейін Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында ересектер арасындағы жеңіл атлетикадан кезекті Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Бұл сары құрлық додасына Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары да қатысады. Осы орайда оқырмандар назарына өткен Азия чемпионаттарында жерлестеріміздің көрсеткен нәтижелеріне шолу ұсынбақпыз. Бұған дейін біз 1993 жылдан 2009 жылдарға дейінгі Азия біріншіліктері туралы жазған едік. Алдыңғы жазбаларды мына, мына және мына сілтемелер арқылы оқи аласыздар.

2011 жыл — Кобе (Жапония)

Күншығыс елі 2011 жылы Азия чемпионатын төртінші рет қабылдады. Бұған дейінгі жарыстар 1979 және 1981 жылдары Токиода, 1998 жылы Фукуока қаласында өткен болатын. Жерлестеріміз бұл үш чемпионаттың тек Фукуокада өткеніне ғана қатысқан еді.

Араға 12 жыл салып Жапонияда өткен жарыста отандық спортшылар Фукуокадағы жетістігін қайталай алмаса да, елге алтынсыз оралған жоқ. Сол жылы біздің атлеттер 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен 8-орынға тұрақтады.

Алтын жүлдені 2009 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен додада қола алған Евгений Эктов (үш қарғып секіру) жеңіп алды. Ал Қытайда алтын алған Роман Валиев (үш қарғып секіру) Жапонияда қоланы қанағат тұтты.

Күміс жүлделерді Маргарита Мацко (800 метрге жүгіру) мен Артем Косинов (3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру) жеңіп алды.

Қола медаль иегерлері — Наталья Ивонинская (100 метрге кедергілер арқылы жүгіру) және Марина Аитова (биіктікке секіру).

 

2013 жыл — Пуна (Үндістан)

Араға екі жыл салып өткен Азия чемпионаты Үндістанның Пуна қаласында ұйымдастырылды. Бұл – Үндістанның сары құрлық додасын екінші рет қабылдауы. Қазақстан құрамасы бұл жарыста 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 7-орынға табан тіреді.

Бұл біріншілікке Қазақстан жеңіл атлетика құрамасының бас жаттықтырушысы Дмитрий Карпов онсайыста Азия біріншілігінің рекордын жаңартып (8037 ұпай), сары құрлық жеңімпазы атанды. Екінші алтынды 200 метрге жүгіруде Виктория Зябкина жеңіп алды.

Күміс жүлдегер: Анастасия Сопрунова (100 метрге кедергілер арқылы жүгіру)

Қола жүлдегерлер: Марина Аитова (биіктікке секіру), Ирина Литвиненко (үш қарғып секіру)

 

2015 жыл — Ухань (Қытай)

Араға алты жыл салып Қытай екінші рет Азия чемпионатын қабылдады. Қытайдағы алғашқы сары құрлық додасы 2009 жылы Гуанчжоуда өтсе, бұл жолы Ухань қаласында ұйымдастырылды.

Қазақстан спортшылары 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 9-орынға тұрақтады. Қытай төрінде Әнұранымызды 200 метрге жүгіруде Виктория Зябкина шырқатты. Осылайша, Виктория екі дүркін Азия чемпионы атанды.

 Күміс жүлдегерлер:

– Виктория Зябкина (100 м)

– Ольга Сафронова (200 м)

– Анастасия Пилипенко (100 м кедергілер арқылы жүгіру)

 Қола жүлдегерлер:

– Роман Валиев (үш қарғып секіру)

– Анастасия Кудинова (400 м)

– Қазақстан әйелдер құрамасы (4×100 м эстафета)