2025 жылғы 27–31 мамыр аралығында Оңтүстік Кореяның шығысындағы Гуми қаласында жеңіл атлетикадан ересектер арасындағы XXVI Азия чемпионаты өтеді. Бұл сары құрлық додасына Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары да қатысады. Осыған орай оқырмандар назарына бұрынғы Азия чемпионаттарындағы Қазақстан құрамасының нәтижелеріне шолу ұсынамыз.
Жеңіл атлетикадан Азия құрлығындағы ең алғашқы чемпионат Азия жеңіл атлетика қауымдастығының ұйымдастыруымен Филиппиннің Марикина қаласында өтті. Аталған жарысқа сары құрлықтың 14 құрамасы қатысты. Бір қызығы – олардың қатарында Израиль спортшылары да болған.
Қазақстанның жеңіл атлетика құрамасы Азия чемпионатына тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет 1993 жылы Филиппин астанасы – Манила қаласында өткен жарысқа қатысып, өз тарихындағы жаңа парақты ашты.
Сол жылы 18 елдің атлеттері бақ сынаған додада жерлестеріміз 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль (жалпы саны – 10) жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үздік үштіктен көрінді. Қазақстан құрамасынан алда тек Қытай (23 алтын, 11 күміс, 4 қола) мен Оңтүстік Корея (3 алтын, 4 күміс, 3 қола) командалары болды. Айта кетерлігі, Кореялықтар Қазақстанмен тең медаль санын иеленгенімен, бір күміс медальдың артықтығы арқасында екінші орынға жайғасты.
Ал 1995 жылы Индонезияның Жакарта қаласында өткен Азия чемпионатында жерлестеріміз медаль саны жағынан алдыңғы нәтижені жақсартқанымен, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға түсіп қалды. Бұл жолы отандастарымыз 3 алтын, 3 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.
Келесі Азия чемпионаты әдеттегі екі жыл емес, үш жыл үзілістен кейін 1998 жылы Жапонияның Фукуока қаласында өтті. Бұл дода да отандастарымыз үшін сәтті болды – ұлттық құрама 2 алтын, 4 күміс және 5 қола медаль еншілеп, жалпы есепте тағы да төртінші орынға тұрақтады.