Бұл туралы бүгін Astana Indoor meet for Amin Tuyakov prizes қарсаңында өткен баспасөз конференциясында мәлім етілді. ҚР Жеңіл атлетика федерациясының президенті Ольга Рыпакова 2023 жылы Азия чемпионатын жоғары деңгейде ұйымдастырып, ауқымды жарыстарды өткізуге дайын екенімізді көрсеттік деп атап өтті.
Сол кездің өзінде халықаралық спорт қоғамдастығы «Qazaqstan» спорт кешенін, қазақстандық төрешілердің жұмысын және дайындық деңгейін жоғары бағалаған болатын.
- Спорт кешені әлемдегі ең ірі жарыстарды, соның ішінде Әлем чемпионатын өткізу стандарттарына сай келеді. Мұндай ауқымды жарыстарды өткізуге әлеуетіміз жетеді, алайда үлкен дайындық керек. Сонымен қатар ел арасында жеңіл атлетика мәдениетін қалыптастыру қажет. Өкінішке қарай, бұл спорт түріне жанкүйерлер аз. Федерация ретіндегі негізгі мақсатымыздың бірі – жарысқа қатысушыларды үлкен құрметпен қарсы алу, - деді Ольга Рыпакова.
Еске салайық, World Athletics өкілі «Qazaqstan» спорт кешеніне «ғажайып спорттың ошағы» деп баға берді. Ал шетелдік спортшылар талапқа сай жарыс жолақтары бар үлкен жаттығу аймағын жоғары бағалады.