Жеңіл атлетикадан Азия чемпиондары елге оралды

Жеңіл атлетикадан Азия чемпиондары елге оралды

Қытайдың Шаосин қаласында өткен эстафеталық жүгіруден Азия чемпионатында жүлделі нәтиже көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасы елге оралды.

Астана құрлықтық біріншілікте топ жарған жеңіл атлеттерді салтанатты түрде қарсы алды. Спортшыларды Н. Назарбаев атындағы халықаралық әуежайда Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының өкілдері, жанкүйерлер, жақындары мен спортсүйер қауым зор ықыласпен күтіп алды.

Кездесу барысында ұлттық құрама мүшелеріне құрмет көрсетіліп, жеңістерімен құттықтау айтылды. Сондай-ақ спортшыларға қазақы дәстүрмен бауырсақ пен қымыз ұсынылып, домбырамен ән шырқалды.

Айта кетейік, 17–22 маусым аралығында Қытайдың Шаосин қаласында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы аралас 4×400 метр эстафетада алтын медаль жеңіп алып, құрлық чемпионы атанды. Аталған дисциплинада ел намысын Аделина Земс, Андрей Соколов, Эльнор Мухитдинов және Мария Шувалова қорғады.