Жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты: екінші жарыс күнінің қорытындысы

Жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты: екінші жарыс күнінің қорытындысы

Астанада жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының XXXV чемпионаты жалғасуда. Ел біріншілігінің екінші жарыс күнінде спортшылар 100 және 110 метрге кедергілер арқылы жүгіру, 200 метр, 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру, 400 метрге кедергілер арқылы жүгіру, биіктікке және сырықпен секіру, үш қарғып секіру, диск лақтыру, сондай-ақ аралас 4×100 және 4×400 метрлік эстафеталарда жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.

Екінші жарыс күнінде бірқатар тартысты бәсекелер өтті. Әйелдер арасында 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Шығыс Қазақстан облысының өкілі Юлия Башманова чемпион атанса, ерлер арасында 110 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Қарағанды облысының спортшысы Давид Ефремов топ жарды.

200 метр қашықтықта әйелдер арасында Астана қаласының өкілі Виктория Ан жеңіске жетсе, ерлер арасында Қарағанды облысының спортшысы Виталий Земс чемпион атанды.

3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде әйелдер арасында Шымкент қаласының спортшысы Ақбілек Құралбай, ал ерлер арасында Алматы қаласының өкілі Ислам Аманғос алтын медаль иеленді.

Секіру сайыстарында ерлер арасында биіктікке секіруден шымкенттік Анатолий Люцько, сырықпен секіруден алматылық Максим Балабин жеңімпаз атанды. Үш қарғып секіруден әйелдер арасында Мария Ефремова (Қарағанды облысы), ерлер арасында Максим Ваняйкин (Солтүстік Қазақстан облысы) үздік нәтиже көрсетті.

Диск лақтырудан әйелдер арасында Томирис Ерматова (Шымкент), ерлер арасында Евгений Лабутов (Маңғыстау облысы) ел чемпионы атанды.

400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Қарағанды облысының спортшылары Аделина Земс пен Вячеслав Земс алтын медаль жеңіп алды.

Аралас 4×100 метрлік эстафетада Алматы қаласының құрамасы чемпион атанса, 4×400 метрлік аралас эстафетада Павлодар облысының командасы жеңіске жетті.

Бүгін чемпионаттың соңғы жарыс күні өтеді. Спортшылар 5000 метрге жүгіру, 800 метрге жүгіру, балға лақтыру, 4×400 метрлік эстафета және әйелдер арасындағы жетісайыс бойынша жүлделерді сарапқа салады.

Айта кетейік, ел біріншілігінің негізгі жарыстары Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа стадионында ұйымдастырылса, лақтыру сайыстары Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінің алаңында өтті. Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша 2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын ұлттық құраманың құрамы жасақталады.