Жеңіл атлетикадан ел чемпионаты. Ерлер мен әйелдер – 400 метр: спринтерлер сайысында сенсация болған жоқ

Жеңіл атлетикадан ел чемпионаты. Ерлер мен әйелдер – 400 метр: спринтерлер сайысында сенсация болған жоқ

Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығының стадионында жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының XXXIV жазғы чемпионаты өтіп жатыр.

10 шілдеге жоспарланған біріншіліктің алғашқы күнінің кешкі бағдарламасында жеңіл атлетиканың бірнеше бағыты бойынша финалдық сындар ұйымдастырылды. Ерлер мен әйелдер арасындағы 400 метрге жүгіру бәсекесі де жанкүйерлердің назарынан тыс қалған жоқ. Себебі бұл сайысқа ел намысын халықаралық аренада қорғап жүрген бірқатар танымал спортшы қатысты.

Ерлер арасындағы жарыста Азия ойындарының күміс жүлдегері Михаил Литвин, биылғы Азия біріншілігінің қатысушысы Елнор Мухитдинов, халықаралық турнирлер жеңімпазы, екі дүркін ел чемпионы Андрей Соколов, сондай-ақ жастар арасында тамаша нәтиже көрсетіп жүрген Мәди Төкенов сынды атлеттер бақ сынады.

Дегенмен, спринтерлер сайысында аса бір күтпеген нәтиже тіркелген жоқ. Ел үздігі Михаил Литвин 400 метрді 47.71 секундта жүгіріп өтіп, Қазақстан чемпионы атанды. Бұл – Михаилдің маусымдағы ең үздік көрсеткіші болмаса да, сенімді жеңісі. Айта кетсек, ол жуырда өткен Қазақстан кубогінде 46.99 секунд нәтижемен жеке рекордын орнатқан болатын.

Елнор Мухитдинов дәл Азия біріншілігіндегі нәтижесін қайталап, 48.40 секунд көрсеткішімен күміс медаль жеңіп алды. Ал Андрей Соколов 48.78 секунд нәтижемен қола жүлдеге ие болды.

10 шілде. Қазақстан чемпионаты. Ерлер – 400 метр:

Михаил Литвин (Солтүстік Қазақстан облысы) — 47.71

Елнор Мухитдинов (Шығыс Қазақстан облысы) — 48.40

Андрей Соколов (Шығыс Қазақстан облысы) — 48.78

 

Әйелдер арасындағы бәсекеде де сенсациялық нәтиже тіркеле қойған жоқ. Азия ойындарының қола жүлдегері Александра Залюбовская 400 метрді 55.27 секундта жүгіріп өтіп, ел чемпионы атанды. Еске салсақ, ол Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында өткен Азия чемпионатында осы қашықтықты 53.96 секундта жүгіріп өтіп, жеке рекордын жаңартқан еді.

Күміс жүлде Залюбовскаядан шамамен бір секундқа артта қалған 20 жасқа дейінгі Азия чемпионатының күміс жүлдегері Софья Киденкоға бұйырды — 56.26 секунд. Ал қола медальді павлодарлық Мария Шувалова жеңіп алды — 57.53 секунд.

10 шілде. Қазақстан чемпионаты. Әйелдер – 400 метр:

Александра Залюбовская (Павлодар облысы) — 55.27

Софья Киденко (Шығыс Қазақстан облысы) — 56.26

Мария Шувалова (Павлодар облысы) — 57.53