Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығының стадионында жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының XXXIV жазғы чемпионаты өтіп жатыр.
10 шілдеге жоспарланған біріншіліктің алғашқы күнінің кешкі бағдарламасында жеңіл атлетиканың бірнеше бағыты бойынша финалдық сындар ұйымдастырылды. Назарларыңызға әйелдер арасындағы найза лақтыру және ерлер арасындағы ұзындыққа секіру бойынша нәтижелерді ұсынамыз.
Ерлер – ұзындыққа секіру
Финалға 9 спортшы тіркелгенімен, жарысқа тек 8-і қатысты. Сол 8 спортшының екеуі ғана барлық алты мүмкіндігін толық пайдаланды. Алайда олар бас жүлдеге қол жеткізе алмады. Ақмолалық Вадим Карнаухов небәрі төрт мүмкіндігін ғана пайдаланып, ел чемпионы атанды. Бірінші мүмкіндігінде-ақ 7.53 метрге секіріп, жеңісті ұтып алды. Қалған үш мүмкіндігінде 7.30, 7.13 және 7.19 метр нәтиже көрсетті.
Екінші орынды Ромео Петров иеленді. Алғашқы секірісі сәтсіз (6.87 м) болғанымен, кейін нәтижесін жақсартып, алтыншы талпынысында 7.31 метрге жетті. Қола жүлдені төртінші мүмкіндігінде 7.24 метрге секірген Асан Азаматұлы еншіледі. Ол қалған бес мүмкіндігінде 7 метрден аса алмады.
10 шілде. Қазақстан чемпионаты. Ерлер – ұзындыққа секіру:
Вадим Карнаухов (Ақмола облысы) – 7.53 м
Ромео Петров (СҚО) – 7.31 м
Асан Азаматұлы (ШҚО) – 7.24 м
Әйелдер – найза лақтыру
Бұл сында да жеңімпаз тек төрт мүмкіндігін пайдаланған спортшы болды. Финалдың басты фавориті Варвара Назарова ел чемпионы атанды. Алайда тартыс өте жоғары деңгейде өтті: бірінші және екінші орын алған спортшылар арасын небәрі 8 сантиметр ғана айырды.
Алғашқы мүмкіндікте Диана Гейнц 47.04 метр көрсеткішпен көш бастады. Ал Назарова бірінші мүмкіндігінде найзаны 45.38 метрге лақтырды. Бірақ екінші мүмкіндігінде 47.12 метрге жетіп, көш басына шықты. Қалған мүмкіндіктерде де қарсыласына есе жіберген жоқ. Қола жүлдені Наталья Соколова иеленді – 42.20 метр.
10 шілде. Қазақстан чемпионаты. Әйелдер – найза лақтыру:
Варвара Назарова (Шығыс Қазақстан облысы) – 47.12 м
Диана Гейнц (Павлодар облысы) – 47.04 м
Наталья Соколова (Шығыс Қазақстан облысы) – 42.20 м