Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығының стадионында жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының XXXIV жазғы чемпионаты өтті.
10 шілдеге жоспарланған біріншіліктің алғашқы күнінің кешкі бағдарламасында жеңіл атлетиканың бірнеше түрі бойынша финалдық сындар ұйымдастырылды. Назарларыңызға ерлер мен әйелдер арасындағы 10 000 метрге жүгіру нәтижелерін ұсынамыз.
Ерлер арасындағы бәсекеге бастапқыда 11 атлет тіркелген еді. Алайда соның тек бесеуі ғана мәре сызығын кесіп өтті. Екі спортшы жарысқа қатыспаған, ал қалған төртеуі қашықтықты толық жүгіріп өте алмай, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.
Нәтижесінде, бұл қашықтықты ең жылдам бағындырған – 24 жастағы жетісулық Данияр Орманғали. Ол 10 000 метрді небәрі 30 минут 55.91 секундта жүгіріп өтіп, жеке рекордын орнатты.
Күміс жүлдені тағы бір Жетісу облысының өкілі Есенбол Жәнібек жеңіп алды – 31:37.27.
Қола медаль жуырда ғана Қазақстан кубогінде топ жарған ақтөбелік Ислам Әбілханұлына бұйырды. Бұл жолы оның нәтижесі – 32:33.77. Айта кетейік, ол Кубок кезінде 32:48.25 уақыт көрсетіп, чемпион атанған болатын.
10 шілде. Қазақстан чемпионаты. Ерлер – 10 000 метр:
Данияр Орманғали (Жетісу облысы) – 30:55.91
Есенбол Жәнібек (Жетісу облысы) – 31:37.27
Ислам Әбілханұлы (Ақтөбе облысы) – 32:33.77
Әйелдер арасындағы жарысқа алты спортшы қатысты. Соның бесеуі мәреге жетсе, біреуі жарысты аяқтай алмады.
Тартысты өткен бәсекеде 20 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, сондай-ақ ел чемпионатында бұған дейін бір мәрте топ жарған Дана Айдосова тағы да үздік шықты – 36:11.97.
Мәре сызығын екінші болып Солтүстік Қазақстан облысының атлеті Виктория Сергеева кесті – 37:02.04 (бұл – оның маусымдағы ең үздік нәтижесі).
Үшінші орынды Жетісу облысының өкілі Сәния Құдайберген иеленді – 38:10.59.
10 шілде. Қазақстан чемпионаты. Әйелдер – 10 000 метр:
Дана Айдосова (Алматы қаласы) – 36:11.97
Виктория Сергеева (Солтүстік Қазақстан облысы) – 37:02.04
Сәния Құдайберген (Жетісу облысы) – 38:10.59