Жеңіл атлетикадан ел чемпионаты: Биіктікке секіруде Дубовицкая топ жарды

Жеңіл атлетикадан ел чемпионаты: Биіктікке секіруде Дубовицкая топ жарды

10-12 шілде күндері Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығының стадионында жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының кезекті жазғы чемпионаты өтті. Дәстүрлі жарысқа еліміздің барлық өңірінен ең үздік спортшылар қатысып, ел чемпионы атағына таласты.

Биіктікке секіруден өткен жарыстың финалдық кезеңінде Токио және Париж Олимпиадасына қатысқан, жабық кешендегі Азия чемпионы Надежда Дубовицкая, жабық кешендегі Азия біріншілігінің жеңімпазы әрі Азия чемпионатының күміс жүлдегері Елизавета Матвеева, сондай-ақ бірнеше халықаралық жарыстың жүлдегері, жабық кешендегі Азия чемпионы Кристина Овчинникова сынға түсті. Сонымен қатар ел ішілік турнирлердің жүлдегері Ирина Сизова, 20 жасқа дейінгілер арасындағы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Фаина Мейірманова және жас спортшы Арина Малюгина да бақтарын сынады.

Жарыстың басты тартысы Надежда Дубовицкая мен Елизавета Матвеева арасында басталды. Екеуі де 1.75 метр биіктікті алғашқы талпыныстан-ақ оңай бағындырды. Кристина Овчинникова 1.70 метрді алғашқысында еңсерсе, 1.75 метрге тек екінші мүмкіндігінде ғана қол жеткізді.

Жас спортшылар Ирина Сизова мен Фаина Мейірманова да 1.75 метр биіктікті бағындырып, үздіктер қатарына қосылды. Осылайша төртінші айналымнан кейін төрт спортшы алтын жүлдеге үміткер болды. Алайда жүлделердің тағдырын бесінші мүмкіндік шешті.

Надежда Дубовицкая 1.80 метр биіктікті алғашқы талпынысында-ақ сәтті бағындырды. Кристина Овчинникова бұл межеден алғашқы талпынысында өте алмаса да, екінші мүмкіндігінде сәтті секірді. Ал Елизавета Матвеева, Ирина Сизова және Фаина Мейірманова бұл биіктікті үш мүмкіндігінде де ала алмады.

Нәтижесінде бірде-бір рет мүлт кетпеген Надежда Дубовицкая 1.80 метр нәтижемен ел чемпионы атанды. Осы биіктікті бір қателікпен бағындырған Кристина Овчинникова күміс жүлдеге ие болды. Ал 1.75 метр нәтижесімен Ирина Сизова мен Елизавета Матвеева қола жүлдені бөлісті.

Қорытынды кесте (10 шілде – биіктікке секіру, әйелдер):

Надежда Дубовицкая (ШҚО) – 1.80 м

Кристина Овчинникова (Қарағанды обл.) – 1.80 м

Ирина Сизова (Алматы) – 1.75 м

Елизавета Матвеева (ШҚО) – 1.75 м