Жеңіл атлетикадан ел чемпионаты: 200 метрдің жеңімпаздары анықталды

Жеңіл атлетикадан ел чемпионаты: 200 метрдің жеңімпаздары анықталды

10-12 шілде күндері Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығының стадионында жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының кезекті жазғы чемпионаты өтті. Дәстүрлі жарысқа еліміздің барлық өңірінен ең үздік спортшылар қатысып, ел чемпионы атағына таласты.

Жеңіл атлетика бағдарламасындағы ең тартысты бәсекелердің бірі – қысқа қашықтыққа жүгіру. Биылғы чемпионатта да 200 метрге жүгіру сайысы жанкүйерлер мен мамандардың қызығушылығын тудырды. Тіпті іріктеу кезеңдерінің өзінде көшбасшылардың есімі айқындала бастаған еді.

Ерлер арасында Қарағанды облысының өкілі Виталий Земс қарсыластарынан оқ бойы озып, 21.2 секунд көрсеткішімен топ жарды. Ол бұған дейін 100 метр қашықтықта да жеңіске жетіп, чемпионаттың қос алтын жүлдегері атанды.

Күміс жүлдені Астана атынан сынға түскен Руслан Құрманалиев жеңіп алды (21.4 сек). Ол 100 метр жарысында да күміс жүлдеге ие болған еді. Үздік үштікті алматылық Алмат Төлебаев түйіндеді — 21.7 секунд.

11 шілде – 200 метр, ерлер:

Виталий Земс (Қарағанды облысы) — 21.2

Руслан Құрманалиев (Астана) — 21.4

Алмат Төлебаев (Алматы) — 21.7

 

Әйелдер арасында негізгі тартыс Виктория Ан мен Александра Залюбовская арасында өрбіді. 100 метрге жүгіруде жеңіске жеткен Виктория бұл жолы да алтыннан дәмелі болғанымен, Павлодар облысының өкілі Александра Залюбовская шешуші сәтте мықтылық танытып, мәреге бірінші жетті. Ол 200 метрді 24.43 секундта жүгіріп өтті.

Виктория Ан 24.48 секунд көрсеткішімен күміс жүлдеге ие болса, Астана намысын қорғаған Кристина Кондрашова (24.87) қола жүлдені еншіледі.

10 шілде – 200 метр, әйелдер:

Александра Залюбовская (Павлодар облысы) — 24.43

Виктория Ан (Астана) — 24.48

Кристина Кондрашова (Астана) — 24.87