Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығының стадионында өтіп жатқан ел чемпионатының алғашқы жарыс күні өз мәресіне жетті. Жарыстар күндізгі және кешкі бағдарламалар бойынша ұйымдастырылуда. Күндізгі бағдарламада негізінен іріктеу сайыстары өтсе, кешкі бағдарламада финалдық бәсекелер өткізіледі.
10 шілдеге жоспарланған біріншіліктің алғашқы күнінің кешкі бағдарламасында жеңіл атлетиканың бірнеше бағыты бойынша финалдық сындар өтті. Әсіресе, ерлер мен әйелдер арасындағы 100 метрге жүгіру — ең тартысты бәсекелердің бірі болды. Мәре сызығын халықаралық турнирлерде жүлде алып жүрген тәжірибелі спортшылар бірінші болып кескенімен, өзге атлеттер де лайықты қарсылық көрсете білді.
Әйелдер арасында Астана қаласының өкілі Виктория Ан топ жарды — 12.43 секунд. Дегенмен, Қарағанды облысының атлеті Валерия Сафонова өз әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеді. 21 жастағы Валерия мәреге екінші болып жетіп, 12.63 секунд нәтижесін көрсетті. Ал үшінші орынды небәрі 19 жастағы павлодарлық Полина Карэл еншіледі — 12.76 секунд.
Биылғы ел біріншілігі тәжірибенің шешуші рөл атқаратынын айқындап қана қоймай, сондай-ақ осындай мықты атлеттердің ізінен талантты жас спортшылар өсіп келе жатқанын көрсетті.
10 шілде. Қазақстан чемпионаты. Әйелдер – 100 метр:
Виктория Ан (Астана) — 12.43
Валерия Сафонова (Қарағанды облысы) — 12.63
Полина Карэл (Павлодар облысы) — 12.76
Ерлер арасындағы жарыс та жоғары деңгейде өтті. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен сегіз спортшы ел чемпионы атану үшін барын салды. Олардың қатарында жуырда ғана Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында өткен Азия чемпионатына қатысқан Виталий Земс пен Алмат Төлебаев, сондай-ақ 23 жасқа дейінгі ел біріншілігінің жеңімпазы Руслан Құрманалиев және басқа да мықты атлеттер болды. Дегенмен, жүлделі орындар үшін негізгі тартыс осы үш спортшы арасында өрбіді.
Жарыс қорытындысында 100 метрді 10.82 секундта жүгіріп өткен Виталий Земс кезекті рет ел чемпионы атанды. Ол бұған дейін Қазақстан кубогында бұл қашықтықты 10.24 секундта, ал Азия біріншілігінде 10.51 секундта жүгіріп өткен болатын.
Руслан Құрманалиев (19 жаста) 11.02 секунд көрсеткішпен күміс жүлдегер атанса, 24 жастағы Алмат Төлебаев 11.05 секундпен қола медаль еншіледі. Айта кетейік, Азия чемпионатының іріктеу кезеңінде ол бұл қашықтықты 10.81 секундта жүгіріп өткен еді.
10 шілде. Қазақстан чемпионаты. Ерлер – 100 метр:
Виталий Земс (Қарағанды облысы) — 10.82
Руслан Құрманалиев (Астана) — 11.02
Алмат Төлебаев (Алматы) — 11.05