Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір жүлдемен толықты. Ясмина Тоқсанбаева әйелдер арасындағы 20 шақырымдық спорттық жүрісте қола медаль жеңіп алды.
Қазақстандық спортшы жарыс қашықтығын 1:41:26 уақыт ішінде бағындырып, мәреге үшінші болып жетті. Алтын және күміс жүлделерді Қытай өкілдері Нин Цзиньлинь (1:38:24) мен Доу Маоцо (1:39:01) өзара бөлісті.
Осы бағдарламада ел намысын қорғаған тағы бір қазақстандық спортшы Эльмира Калимуллина 1:50:38 нәтижемен бесінші орынға тұрақтады.
Айта кетейік, бұл – Қазақстан құрамасының Ордоста өтіп жатқан U23 Азия чемпионатындағы үшінші жүлдесі. Бұған дейін Анастасия Рыпакова ұзындыққа секіруден 6,11 метр нәтижемен күміс медаль жеңіп алса, Максим Балабин ерлер арасындағы сырықпен секіруде 5,05 метр көрсеткішпен қола жүлдеге ие болған еді.