15–18 сәуір күндері Сауд Арабиясының Даммам қаласында жеңіл атлетикадан 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында жасөспірімдердің VI Азия чемпионаты өтті. Әр екі жыл сайын ұйымдастырылатын Сары құрлық додасына Қазақстан құрамасынан 37 атлет (21 ұл, 16 қыз) қатысты.
Жерлестеріміз жүгіру және секіру бағдарламаларында (ұзындыққа, биіктікке, үш қарғып секіру), сондай-ақ лақтырудың барлық түрлерінде (диск, найза, балға, ядро) сынға түсіп, 1 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды.
Ел қоржынына жалғыз алтын жүлдені қыздар арасындағы жетісайыста сынға түскен шымкенттік Полина Кузубова жеңіп алды. Ол қарсыластарынан көп ұпай жинап, тұғырдың ең биік сатысына көтеріліп, Қазақстан Әнұранын шырқатты. Жетісайыста Қазақстан мен Өзбекстаннан екі-екі спортшыдан жүлдеге таласты.
Полина Кузубова жетісайыстың 4 түрінде жеңіске жетті. Атап айтқанда:
- биіктікке секіру (1,70 м),
- ядро лақтыру (11.84 м),
- ұзындыққа секіру (5.52 м),
- найза лақтыру (35.62 м)
Ал күміс жүлдені онсайыста сынға түскен Асқар Өмірзақ иеленді. Ол жалпы кезеңде 6524 ұпай жинады. Бұл сайыста жеңімпаз атанған өзбекстандық спортшы 6645 ұпай жинаған.
Қола жүлделерді келесі спортшылар жеңіп алды:
- Асылзат Қыдырбай — жетісайыс (200 метрге жүгіруде үздік шығып, бірнеше мәрте жеке рекордын жаңартты);
- Дмитрий Шкердин — ерлер арасындағы сырықпен секіру (4.20 м);
- Кирилл Савченко — 400 метрге кедергілермен жүгіру (53.63 секунд);
- Эвелина Рябкова — қыздар арасында 400 метрге кедергілермен жүгіру (1:01.59).
Осылайша, Қазақстан құрамасының жас атлеттері 1 алтын, 1 күміс және 4 қола медальмен жалпы командалық есепте 10-орынға ие болды.
Жалпыкомандалық есептегі ТОП-5 құрама:
1. Қытай – 19 алтын, 12 күміс, 5 қола
2. Өзбекстан – 3 алтын, 5 күміс, 4 қола
3. Жапония – 3 алтын, 3 күміс, 1 қола
4. Қатар – 2 алтын, 3 күміс, 1 қола
5. Сауд Арабиясы – 2 алтын, 1 күміс, 2 қола