Сауд Арабиясының Даммам қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы VI Азия чемпионатының екінші күні отандық атлеттер үшін сәтті өтті. Бұл күні 10-нан астам сайыс түрінен финалдық бәсекелер ұйымдастырылды. Солардың алтауында жас қазақстандық спортшылар жүлдеге таласты. Алайда, олардың тек екеуінде ғана жерлестеріміз жанкүйерлерді жүлделерімен қуанта алды.
Атап айтқанда, жетісайыс бойынша жарысқа қатысқан Полина Кузубова барлық қарсыласынан озып, алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ тағы бір отандасымыз Асылзат Қыдырбай үшінші орын иеленіп, қола жүлдегер атанды. Күміс медаль Өзбекстан өкілі Софья Николаеваға бұйырды.
Ел қоржынына тағы бір жүлде ұлдар арасындағы сырықпен секіру сайысында түсті. Биіктік өскен сайын жарыс қыза түсті. 4.30 метр биіктікте нағыз бәсеке орын алды. Бұл сында тек бір спортшы ғана жеңіс тұғырына көтерілді. Нәтижесінде сингапурлық Халель Бин Заид бас жүлдені жеңіп алды. Қатарлық Абдулла Саад Ж.С. Әл-Абдулла – күміс, ал жерлесіміз Дмитрий Шкердин – қола медаль иеленді.
5000 метрге спорттық жүрістен сынға түскен Шерхан Егізбай 22:47.83 уақыт нәтижесімен мәреге алтыншы болып келді. Бір қызығы, бұл сайысқа қатысқан 11 спортшының 10-ы 2008 жылы туған, тек бір ғана – саудиялық атлет 2009 жылы дүниеге келген.
Қыздар арасындағы ұзындыққа секіру сайысында алматылық Милена Мерц 5.27 метр көрсеткішімен бесінші орынға тұрақтады.
Ерлер арасындағы диск лақтыру бәсекесінде Вадим Писоцкий 47.37 метр нәтижесімен 11-орынға, Максим Сажнев 46.10 метрмен 12-орынға ие болды.
1500 метр қашықтыққа өткен жарыстың финалында Рамазан Шаиев жүлдеге сәл ғана жетпей қалды. Ол 4:00.10 уақыт нәтижесімен мәреге төртінші болып келіп, жүлдеден тыс қалды.