VI Азия чемпионаты: Үшінші жарыс күнінде ел қоржынына екі қола жүлде түсті

VI Азия чемпионаты: Үшінші жарыс күнінде ел қоржынына екі қола жүлде түсті

Сауд Арабиясының Даммам қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы VI Азия чемпионатының үшінші күні отандық спортшылар үшін сәтті өтті деуге болады.

Кешегі жарыс күнінде жеңіл атлетиканың 11 бағдарламасы бойынша финалдық бәсекелер ұйымдастырылды. Солардың сегізінде қазақстандық спортшылар жүлделі орындар үшін бақ сынады. Алайда, тек екі спортшымыз ғана жүлдегерлер қатарынан көріне алды.

Атап айтқанда, екі қола жүлде де 400 метрге кедергілер арқылы жүгіру сайысында еншіленді. Ерлер арасында сынға түскен Кирилл Савченко аталмыш қашықтықты 53,63 секундта жүгіріп өтіп, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Бұл сында алтын мен күміс медальді қатарлық Идрисс Джибрин М. Абдельразиг (52,24) пен Абакар Идрисс Джибрин (53,56) жеңіп алды. Сондай-ақ финалда өнер көрсеткен тағы бір отандасымыз Дастан Балғымбаев (55,65) мәреге 6-шы болып келді.

Әйелдер арасындағы осы қашықтықтағы жарыста БАӘ өкілі Мариам Карим (59,55) бірінші орын иеленді. Екінші орынды өзбекстандық Шодиёна Рахмонова (1:01,40) алса, қола жүлде қазақстандық Эвелина Рябковаға (1:01,59) бұйырды. Ал тағы бір отандасымыз Афина Чолакиди (1:05,68) бесінші орынды иеленді.

Айта кетерлігі, 400 метрге кедергілер арқылы жүгірудің финалына қатысқан барлық қазақстандық спортшылар жеке рекордтарын жаңартты.

Қыздар арасындағы диск лақтыру финалында Томирис Ерматова 34.60 метр нәтижемен 9-орынға тұрақтады. Бұл сында чемпион атанған қытайлық спортшы 53.81 метр нәтижемен жеңіске жетті.

Ерлер арасындағы ұзындыққа секіру сайысында Сейілжан Арынов 6.58 метр көрсеткішпен 11-орынға ие болды. Ал жеңімпаз болған Қытай спортшысы 7.73 метрге секірді.

Ядро лақтыру жарысында Вадим Писоцкий 17.08 метр нәтижесімен 7-орынды қанағат тұтты.

Найза лақтыру финалында Ұлбосын Есеркеп 35.95 метр көрсетіп, 9-орыннан көрінді.

Биіктікке секіру сайысында бақ сынаған Ольга Изюмникова (1.65 м) мен Полина Кузубова (1.60 м) сәйкесінше 5-ші және 6-шы орындарға табан тіреді.

Ал 5000 метрге спорттық жүріс жарысында Маргарита Стороженко ереже бұзғаны үшін жарыстан шеттетілді.