Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір жүлдемен толықты.
Алматы қаласының өкілі Максим Балабин ерлер арасындағы сырықпен секіру сайысында 5,05 метр нәтижемен қола жүлдеге ие болды. Ол бұл биіктікті алғашқы мүмкіндігінде сәтті бағындырып, жүлдегерлер қатарына енді.
Алтын медальды Қытай спортшысы Шу Хэн (5,35 м) жеңіп алса, күміс жүлде үндістандық Дев Кумарға (5,15 м) бұйырды. Максим Балабин тұрақты өнер көрсетіп, жарысты үздік үштіктің қатарында аяқтады.
Айта кетейік, бұл – Қазақстан құрамасының Ордоста өтіп жатқан U23 Азия чемпионатындағы екінші жүлдесі. Бұған дейін ұзындыққа секіруден Анастасия Рыпакова 6,11 метр нәтижемен күміс медаль жеңіп алып, ұлттық құрама қоржынына алғашқы жүлдені салған болатын.