U23 Азия чемпионаты: Қазақстан әйелдер құрамасы 4×400 метрлік эстафетада қола жүлдеге ие болды

U23 Азия чемпионаты: Қазақстан әйелдер құрамасы 4×400 метрлік эстафетада қола жүлдеге ие болды

Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы 4×400 метрлік эстафетада қола жүлде жеңіп алды.

Қазақстан құрамасы сапында Анна Шумило, Анастасия Цвиркунова, Екатерина Колода және Мария Шувалова өнер көрсетті. Желаяқтарымыз қашықтықты 3:37.65 уақыт ішінде жүгіріп өтіп, мәреге үшінші болып жетті. Сонымен қатар қазақстандық төрттік осы маусымдағы ең үздік нәтижесін (SB) тіркеді.

Азия чемпионы атанған Үндістан құрамасы 3:33.62 нәтиже көрсетсе, күміс жүлде 3:35.14 уақытпен Қытай командасына бұйырды. Қазақстандық эстафеталық құраманың үйлесімді өнер көрсетуі команданы жүлдегерлер қатарына шығарды.

Айта кетейік, бұл – Қазақстан құрамасының Ордоста өтіп жатқан U23 Азия чемпионатындағы бесінші жүлдесі. Бұған дейін Анастасия Рыпакова мен Алина Чистякова күміс жүлдеге ие болса, Максим Балабин мен Ясмина Тоқсанбаева қола медаль жеңіп алды.