Түркістандық спортшылар найза лақтыруда үздік үштікті түйіндеді

Түркістандық спортшылар найза лақтыруда үздік үштікті түйіндеді

Шымкентте өтіп жатқан жеңіл атлетикадан U-18 жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында ұлдар арасындағы найза лақтыру сайысында жүлделі орындардың барлығын Түркістан облысының спортшылары иеленді.

Бұл өңір үшін тарихи нәтиже деуге болады. Соңғы 13 жылда U-18 Қазақстан чемпионатында найза лақтыру бойынша бір өңірдің үш спортшысы да жеңіс тұғырына қатар көтерілмеген.

Түркістандық атлеттер бұл нәтижеге маусым басынан бері жақын екенін көрсеткен еді. Наурыз айында Алматыда өткен лақтыру дисциплиналары бойынша Қазақстан чемпионатында Темірлан Аманғали, Иманғали Мыңжасар және Мейіржан Ескермес сәйкесінше 2, 3 және 4-орындарды иеленген болатын.

Шымкенттегі ел біріншілігінде Темірлан Аманғали 54,23 метр нәтижемен чемпион атанды. Иманғали Мыңжасар 51,31 метр көрсеткішпен күміс жүлдеге ие болса, Мейіржан Ескермес 50,31 метрге найза лақтырып, қола медаль жеңіп алды.

Найза лақтыру. Ұлдар:

  1. Темірлан Аманғали — Түркістан облысы — 54,23 м
  2. Иманғали Мыңжасар — Түркістан облысы — 51,31 м
  3. Мейіржан Ескермес — Түркістан облысы — 50,31 м