Шымкентте Kids’ Athletics бағдарламасы аясында семинар өтіп жатыр

Шымкентте Kids’ Athletics бағдарламасы аясында семинар өтіп жатыр

Шымкент қаласында Kids’ Athletics бағдарламасы бойынша дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясының ұйымдастыруымен, ҚР Туризм және спорт министрлігінің бастамасы және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Жиынға Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Алпамыс Бақытұлы, бас хатшы Келбет Нұрғазина және 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы, жеңіл атлетика ардагері Ольга Шишигина қатысты. Сонымен қатар бағдарламаға өңірлік әдіскерлер мен мектеп мұғалімдері де тартылды. Семинар барысында қатысушылар Kids’ Athletics жобасының заманауи құрылымымен, оқыту модульдерімен және балалармен жұмыс істеудің практикалық тәсілдерімен танысты. Теориялық бөлімде бағдарламаның халықаралық тәжірибеге негізделген әдістемелік қағидалары түсіндірілсе, практикалық сессияларда жеңіл атлетика элементтерін мектеп сабағында қолдану жолдары көрсетілді.

Мамандар эстафеталық ойындар, қозғалыс үйлесімділігін дамыту жаттығулары және командалық тапсырмаларды ұйымдастыру әдістерін тәжірибе жүзінде орындап көрді. Бұл тәсілдер оқушылардың спортқа қызығушылығын арттыруға және дене белсенділігін жүйелі қалыптастыруға бағытталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Kids’ Athletics бағдарламасы балалар мен жасөспірімдерді жеңіл атлетикаға ерте жастан баулуға, сондай-ақ дене шынықтыру мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге мүмкіндік береді. Бағдарлама мектеп спортының сапасын арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға ықпал ететін маңызды құрал ретінде қарастырылып отыр.