Шымкентте XXXV Qosanov Memorial халықаралық турнирі өтеді

Шымкентте XXXV Qosanov Memorial халықаралық турнирі өтеді

Шымкент қаласында жеңіл атлетикадан халықаралық күнтізбедегі беделді жарыстардың бірі — XXXV Qosanov Memorial турнирі өтеді.

30 маусым – 1 шілде аралығында Шымкент қаласында жеңіл атлетикадан дәстүрлі XXXV Qosanov Memorial халықаралық турнирі ұйымдастырылады. Турнирді Қажымұқан атындағы стадион қабылдайды.

Qosanov Memorial — қазақстандық жеңіл атлетика күнтізбесіндегі маңызды халықаралық жарыстардың бірі. Турнир Олимпиада жүлдегері, қазақ жеңіл атлетикасының көрнекті өкілі Ғұсман Қосановтың құрметіне өткізіледі. Дода 2021 жылдан бері World Athletics Continental Tour Bronze Level күнтізбесіне енгізілген. Мәртебелі санаттағы жарысқа биыл 11 елден 250-ге жуық спортшы қатысады. Олардың қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Малайзия, Иран, Мысыр, Сауд Арабиясы, Әзербайжан, Грузия және Қазақстан құрамалары бар. Жарыс бағдарламасына жүгіру, кедергілермен жүгіру, секіру, лақтыру және эстафеталық сайыстар енгізілген. Жалпы 27 жеке дисциплина және 4 эстафета бойынша жүлделер сарапқа салынады. Bronze Level талаптарына сәйкес, турнирдің жалпы жүлде қоры 53 000 АҚШ долларын құрайды. Ақшалай сыйақы әр дисциплинада 1–6 орын алған спортшыларға беріледі.

Айта кетелік, 30 маусым күні сағат 17:00-де турнирге арналған баспасөз конференциясы өтеді. Ал салтанатты ашылу рәсімі сол күні сағат 19:00-де басталады. Ресми бағдарламада Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбеков және Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы президенті Асхат Хасенов қатысады деп жоспарланған.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».