Бүгін, 26 қаңтарда сағат 14:00-де “Qazaqstan” жеңіл атлетика кешенінде World Athletics Indoor Tour Gold 2024 аясында Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes халықаралық жеңіл атлетика турнирі қарсаңындағы баспасөз жиыны өтті.
Жиынға Қазақстан Республикасы Жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Кенжетайұлы Ахметов, Дүниежүзілік жеңіл атлетика өкілі Пирс Окаллахан, 2020 жылғы Олимпиада чемпионы және әлем рекордшысы Арманд Дуплантис, сондай-ақ жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Надежда Дубовицкая қатысты.
«Әлемдік турдың бөлігі болу, елордада Олимпиада чемпиондарын, әлем рекордшыларын және ең үздік спортшылардың басын қосу – үлкен қуаныш әрі жауапкершілік.
Әрине, бұл старт отандық жеңіл атлетика үшін ғана емес, жалпы Қазақстан спорты үшін үлкен оқиға. Бүгінде жарысқа 45 елден 136 спортшы қатысуда, оның ішінде 4 Олимпиада чемпионы, 10 әлем чемпионы, 3 Еуропа чемпионы, 1 Азия чемпионы және 2 әлем рекордшысы», - деді ҚР Жеңіл атлетика федерациясының Президенті баспасөз жиыны барысында.
Спикерлер Қазақстандағы жеңіл атлетиканың даму болашағы және алдағы турнирге дайындық туралы сұрақтарға жауап берді.
Еске сала кетейік, алтын деңгейлі кездесулер сериясы әлемнің 7 қаласында өтеді. 27 қаңтарда Астанада басталып, 23 ақпанда Мадридте аяқталады.
Астанада келесі дисциплиналар бойынша жарыстар өтеді:
Әйелдер: 400м, 60м, 1 миль, 60м кедергілер, биіктікке секіру, ұзындыққа секіру.
Ерлер: 60 м, 60 м кедергілермен жүгіру, 3000 м, 400 м, сырықпен секіру, ядро лақтыру.