15-18 сәуір күндері Сауд Арабиясында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты өтеді. Бұл додаға Қазақстанның жас спортшылары да қатыспақ.
Жасөспірімдер арасындағы құрлықтық дода биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Жарыс Сауд Арабиясының Даммам қаласында өтеді.
Байрақты бәсекеге 31 елден спортшылар қатысады деп жоспарланған. Орталық Азия елдері арасынан Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан құрамалары өз атлеттерін жарысқа қосады. Ал Түрікменстан бұл тізімде жоқ. Сонымен қатар Азия жеңіл атлетикасының алпауыттары саналатын Жапония, Қытай, Үндістан, бірқатар Араб елдері және өзге де мемлекеттердің өкілдері Даммамда бас қосады.
Қазақстан құрамасынан чемпионатқа 38 спортшы қатысады. Оның 21-і — ұлдар, 17-сі – қыздар.
Ұлдар арасында қазақстандық атлеттер төмендегі сайыстарда бақ сынайды:
Секіру түрлері: ұзындыққа, биіктікке, үш қарғып секіру, сырықпен секіру;
Лақтыру түрлері: ядро, диск, балға, найза;
Жүгіру қашықтықтары: 100 м, 200 м, 800 м, 1500 м, 3000 м;
Кедергілермен жүгіру: 110 м, 400 м, 2000 м;
Сондай-аө спорттық жүріс, онсайыс, эстафета жарыстарына қатысады.
Қыздар да барлық негізгі сайыс түрлерінде өнер көрсетеді:
Секіру түрлері: ұзындыққа, биіктікке, үш қарғып секіру, сырықпен секіру;
Лақтыру түрлері: ядро, диск, найза, балға;
Жүгіру қашықтықтары: 100 м, 200 м, 800 м;
Кедергілермен жүгіру: 100 м, 400 м;
Бұдан бөлек спорттық жүріс пен жетісайыста жүлдеге таласады.
Ережеге сәйкес, әрбір сайыс түріне бір елден екіден артық спортшы қатыса алмайды.