Ольга Рыпакова: Отандық атлеттер үшін Қосанов турнирінің маңызы жоғары

Ольга Рыпакова: Отандық атлеттер үшін Қосанов турнирінің маңызы жоғары

Алматыда XXIV Ғұсман Қосанов мемориалының қарсаңында Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Жиынға ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті Ольга Рыпакова, ұйымның жаңа бас хатшысы Келбет Нұрғазина, ұлттық құрама мүшелері Алмат Төлебаев пен Кристина Овчинниковалар қатысты.

Баспасөз мәслихатында  ертең басталатын Ғұсман Қосанов мемориалына қатысты толық мағлұмат берілді.

«Ғұсман Қосанов – Олимпиада жүлдесін алған тұңғыш қазақ атлеті. Ол біздің тарихи тұлғамыз, бұл бәсеке елімізде дәстүрлі түрде өтіп келеді. 2021 жылдан бері турнир ауқымы кеңейіп, World Athletics күнтізбесіне енді. Жарыста әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарына рейтингілік ұпайлар ойнатылады.  Биылғы бәсекенің де мәртебесі жоғары. Бүгінде біз жарысты қабылдауға толық дайынбыз. Қосанов мемориалы менің жеңіл атлетикадағы жолымды ашқан турнирлердің бірі. Ең соңғы рет 2021 жылы қызыммен бірге бақ сынадым. Бұл жарыс отандық жеңіл атлетика үшін қандай маңызды болса, мен үшін сондай ыстық», - деді Рыпакова.

Сондай-ақ, федерацияның жаңа бас хатшысы Келбет Нұрғазина да жиын барысында сөз алды.

«Мен ұзақ жылдар бойы ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спорт комитетінде жұмыс істедім. Сол кезде осы жеңіл атлетика саласына жетекшілік еттім. Енді бас хатшы ретінде ұйымның қызметін реттеп, нәтижелерін жақсартуға жұмыс істейміз», - деді ол.

Айта кетелік, Ғұсман Қосанов мемориалында 17 мемлекеттен келген 214 спортшы бақ сынайды.

Турнир демеушілері: «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры; Sport Qory, ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Туризм және спорт министрлігі.

2 3 4 5