Ольга Рыпакова Азия жеңіл атлетика қауымдастығының конгресіне қатысты

Ольга Рыпакова Азия жеңіл атлетика қауымдастығының конгресіне қатысты

Жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты қарсаңында Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында Азия жеңіл атлетика қауымдастығының XXVI конгресі өтті.

Сары құрлық додасы 27–31 мамыр күндері Гуми қаласында өтеді. Кеше жарысты қабылдайтын қалада Азия жеңіл атлетика қауымдастығының кезекті конгресі ұйымдастырылды. Алқалы жиынға Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен федерацияның Бас хатшысы Жасарал Имандосов қатысты.

Ольга Рыпакова конгресте Азия жеңіл атлетика қауымдастығы жанындағы Атлеттер комиссиясының өкілі ретінде президиум құрамында болды. Айта кетейік, Ольга Рыпакова мен Жасарал Имандосов өз қызметтеріне 2024 жылдың желтоқсанында кіріскен болатын. Сондықтан бұл – олардың республикалық федерация басшылығы атынан алғаш рет қатысқан конгресі.

– Бұған дейінгі күндері де, бүгін де конгрестің кулуарларында көптеген тұлғалармен жеке танысып, пікір алмасуға мүмкіндік туды. Бұл алдағы жұмысымызда өз пайдасын тигізеді деп ойлаймын, – деді Жасарал Имандосов. – Әсіресе биыл Алматыда өтетін жеңіл атлетикадағы ең ірі жарыстардың бірі – Ғұсман Қосановты еске түсіруге арналған XXXIV халықаралық мемориал қарсаңында мұндай байланыстардың маңызы зор. Біз Asian Athletics қауымдастығына мүше барлық федерациямен сындарлы әрі нәтижелі әріптестік орнатуға ниеттіміз.