Қырғызстандық жеңіл атлет Нұрсұлтан Кенешбеков XXXV Qosanov Memorial халықаралық турнирінде ерлер арасында 1500 метрге жүгіруден жарыс рекордын жаңартты. Спортшы қашықтықты 3:43.51 уақытта бағындырды. Осылайша ол 2021 жылы өзі орнатқан турнир рекордын жақсартып, жарыс тарихындағы үздік нәтижесін жаңартты.
Qosanov Memorial — жеңіл атлетикадан дәстүрлі халықаралық турнирлердің бірі. Биыл 35-рет ұйымдастырылған бәсекеге 11 елден 250-ге жуық спортшы қатысты. Қатысушылар жүгіру, кедергілермен жүгіру, секіру, лақтыру және эстафеталық сайыстарда бақ сынады. Жарыс бағдарламасына 27 жеке дисциплина мен 4 эстафета енгізілді.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орын алды. Өзбекстан командасы екінші орынға жайғасса, Қырғызстан құрамасы үздік үштікті түйіндеді.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».