Бірнеше жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген кениялық желаяқтар – Нора Джеруто мен Дейзи Джепкемей мамыр айында өтетін жеңіл атлетикадан Азия чемпионатына қатысады.
Жеңіл атлетикадан XXVI Азия чемпионаты 27–31 мамыр күндері Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында өтеді деп жоспарланған. Бұл жарысқа Нора Джеруто мен Дейзи Джепкемей өздері туып-өскен Кенияда дайындалып жатыр.
Қазіргі таңда қос спортшы да 29 жаста. Екеуі де Қазақстан жеңіл атлетика құрамасының көшбасшылары саналады. 2024 жылы Джепкемей 10 000 метрге жүгіруден Азиядағы маусымның үздік нәтижесін көрсеткен болатын — 30 минут 52.43 секунд. Бұл көрсеткішті ол өткен жылдың мамыр айында АҚШ-тың Юджин қаласында өткен жарыста тіркеген.
3000 метр кедергілермен жүгіру жарысында Джеруто мен Джепкемей Азия рейтингінде сәйкесінше екінші және үшінші орындарға ие. Тамыз айында Парижде өткен жарыста Джеруто бұл қашықтықты 9:08.97 уақытта жүгіріп өткен. Ал шілде айында, сол Парижде, Джепкемей осы қашықтықты 9:21.75 уақытта еңсерген.
Нора мен Дейзи – жеңіл атлетикадан Гумиде өтетін Азия чемпионатында ел қоржынына жүлде салуы мүмкін үміткер спортшылардың қатарында. Сондай-ақ жарысқа Қазақстан делегациясының құрамында қос спортшының бапкері Кеннет Ротичтің де баратыны белгілі болды.