Нора Джеруто – екі дүркін Азия чемпионы!

Нора Джеруто – екі дүркін Азия чемпионы!

Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан Азия чемпионатының соңғы сайыс күнінде де ел қоржынына тағы бір алтын жүлде түсті. Кеше ғана 3 000 метр қашықтықта үздік шыққан Нора Джеруто бүгін тағы бір мәрте жарқын жеңіске қол жеткізді. Ол әйелдер арасында 5 000 метр қашықтықта топ жарып, ел қоржынына үшінші алтын медальді салды. Осылайша, Джеруто Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанды.

Нора Джеруто бұл қашықтықты 14:58.71 уақыт нәтижесімен жүгіріп өтіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл нәтиже Азия біріншіліктері тарихындағы ең үздік көрсеткіштердің бірі саналады. Джеруто жарыс барысында бәсекелестерінен едәуір ұзап кетті. Екінші орын алған үндістандық Парул Чаудхари мәреге 15 минут 15 секундта келсе, жапон қызы Юма Ямамото 15 минут 16 секунд көрсеткішпен үшінші орынды иеленді.

Жалпы, бұл жеңістің отандық жеңіл атлетика тарихында ерекше мәні бар. Себебі Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы 5 000 метрге жүгіру жарысында жүлде алып көрмеген. Осылайша, Нора Джеруто ел спортындағы тағы бір «алғашқы» жетістіктің авторы атанды.

Еске сала кетсек, бұған дейін, яғни жарыстың алғашқы күнінде, Нора 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде де чемпион атанған болатын. Ол кезде де қарсыластарына мүмкіндік бермей, оқ бойы алға ұзап, алтын медаль еншілеген еді. 3 000 метр қашықтық – жерлесіміздің негізгі маманданған дистанциясы. 2022 жылы дәл осы қашықтықта ол Юджин қаласында (АҚШ) өткен әлем чемпионатында Қазақстан тарихындағы алғашқы әлем чемпионы атанған болатын.

 

Гумидегі Азия чемпионаты Қазақстан жеңіл атлетикасы үшін табысты өтіп жатыр. Қазіргі таңда ұлттық құраманың қоржынында үш алтын медаль бар. Оның екеуі Нора Джерутоға тиесілі болса, үшіншісін 10 000 метрге үздік шыққан Дейзи Джепкемей жеңіп алған. Сондай-ақ, ел қоржынында 1 күміс және 2 қола жүлде бар.