Нора Джеруто АҚШ-та өтетін «Гауһар лига» жарысына қатысады

Нора Джеруто АҚШ-та өтетін «Гауһар лига» жарысына қатысады

Жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының жетекші спортшыларының бірі – Нора Джеруто АҚШ-тың Юджин қаласында өтетін әйгілі «Гауһар лига» жарысының тоғызыншы кезеңіне қатысады.

«Гауһар лига» – Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы (World Athletics) ұйымдастыратын әлемдегі ең беделді турнирлер сериясының бірі. Бұл жарыс 2010 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Демек, биылғы 2025 жылы аталмыш дода 16-рет өтпек. Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттары сияқты, бұл турнирге де жеңіл атлетиканың ең үздік өкілдері қатысады.

Юджиндегі тоғызыншы кезеңге Қазақстаннан тек Нора Джеруто ғана шақырту алды. Отандасымыз бұл жарыста 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден жүлде үшін сынға түседі.

АҚШ-тың Юджин қаласындағы жарыс алаңы Нора Джеруто үшін жат емес. Себебі дәл осы жерде ол 2022 жылы өткен әлем чемпионатында топ жарып, Қазақстан жеңіл атлетикасы тарихында алғашқы алтын жүлдені ел қоржынына салған болатын. Әлемдегі ең үздік атлеттердің бірі саналатын Нора бұл жолы да жанкүйерлерін жарқын жеңісімен қуантады деген сенім бар.

3000 метрге кедергілермен жүгіру жарысына барлығы 17 атлет тіркелген. Джерутоның басты қарсыластары ретінде Бахрейн, жарыс иесі – АҚШ, Кения және Уганда елдерінің спортшыларын атауға болады.

Атап айтқанда, бұл қашықтықта жарыс жолына 2024 жылғы Париж Олимпиадасының жеңімпазы, 2023 жылы Будапеште өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Уинфред Яви, 2024 жылғы Париж Олимпиадасының, 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері кениялық Вера Черотич, Токио Олимпиадасының алтын, Париж Олимпиадасының күміс медаль иегері угандалық Перут Чемутай, былтырғы 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионы эфиопиялық Сембо Алмаев және басқа да атақты атлеттер шығады.

Айта кетейік, «Гауһар лиганың» тоғызыншы кезеңі ертең, яғни Қазақстан уақытымен 6 шілде күні өтеді.