Надежда Дубовицкая Дохада өткен What Gravity Challenge турнирінде өнер көрсетті

Надежда Дубовицкая Дохада өткен What Gravity Challenge турнирінде өнер көрсетті

Қазақстандық белгілі жеңіл атлет Надежда Дубовицкая Қатар астанасы – Дохада өткен халықаралық What Gravity Challenge 2025 турнирінде бақ сынады. Бұл жарыс – Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (World Athletics) Континенталдық турына кіретін күміс деңгейлі дода.

What Gravity Challenge биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы турнирге тек ерлер қатысса, биыл алғаш рет әйел спортшылар да жарыс жолына шықты. Коммерциялық сипаттағы бұл додаға ұйымдастырушылар өз рекордтары жоғары, танымал атлеттерді арнайы шақырады. Солардың қатарында Надежда Дубовицкая да бар.

Дубовицкая жарысты сәтті бастап, алғашқы мүмкіндігінде 1.80 метр биіктікті бағындырды. Үшінші мүмкіндігінде 1.85 метрге секіріп, бұл межеден де өтті. Алайда 1.90 метр биіктікті үш рет бағындыруға тырысқанымен, нәтиже болмады. Осылайша, ол жарысты 1.85 метр көрсеткішімен аяқтады.

Турнирде 2024 жылғы Париж Олимпиадасының чемпионы украиналық Ярослава Магучих топ жарды. Ол 2.02 метрге секіріп, 2025 жылғы әйелдер арасындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Күміс жүлде Париж Олимпиадасының қола жүлдегері аустралиялық Элеанор Паттерсонға бұйырды (1.96 м). Ал үшінші орынды бастапқыда 1.94 метрге секірген украиналық Юлия Левченко иеленген еді. Алайда кейін төрешілер тарапынан Польша спортшысы Мария Жодзиктің үшінші мүмкіндіктегі 1.96 метрлік сәтті секірісінің есепке алынбай қалғаны белгілі болды. Бұл әділетсіз шешімнен кейін Жодзик жарысты жалғастырудан бас тартты. Бастапқы хаттамада оның аты-жөні мүлде көрсетілмеген. Дегенмен төрешілер шешімін қайта қарап, үшінші орынды Мария Жодзикке берді.

Үздік үштік нәтижесі:

Ярослава Магучих (Украина) — 2.02 м

Элеанор Паттерсон (Аустралия) — 1.96 м

Мария Жодзик (Польша) — 1.96 м

Надежда Дубовицкая 1.85 метр нәтижемен 11 қатысушының ішінде 10-орын алды. Айта кетейік, биыл қаңтарда Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өткен Әмин Тұяқов жүлдесіне арналған халықаралық турнирде ол 1.84 метрге секірген болатын. Дохадағы бұл жарыста спортшы өзінің маусымдық нәтижесін 1 сантиметрге жақсартты.