Надежда Дубовицкая Қатардағы What Gravity Challenge турниріне қатысады

Надежда Дубовицкая Қатардағы What Gravity Challenge турниріне қатысады

 Отандық спортшы Надежда Дубовицкая 9 мамыр күні Қатар астанасы – Доха қаласында өтетін биіктікке секіруден What Gravity Challenge 2025 турнирінде бақ сынайды.

Аталған турнир жеңіл атлетикадан халықаралық федерациялар қауымдастығы – World Athletics-тің Continental Tour жарыстарының күнтізбесіне енген. Айта кетерлігі, Дохада өтетін бұл дода «күміс деңгейлі» жарыс болып саналады.

Аталған турнир — тек биіктікке секіру бойынша әлемнің ең үздік спортшылары қатысатын жарыс. Ұйымдастырушылар таратқан ақпаратқа сәйкес, сайысқа 8 ер және 8 әйел спортшы қатысады. Солардың қатарында отандасымыз Надежда Дубовицкая да бар.

Дубовицкая бірнеше жылдан бері Азияның үздік секірушілерінің бірі саналады. Ол 2018 жылы Азия ойындарында алғашқы қола медалін иеленсе, 2019 жылы құрлық чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды. 2022 жылы жабық кешендегі әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Ал 2023 жылы жабық кешенде Азия чемпионы болды. Былтырғы Азия біріншілігінде 1,92 метрге секіріп, екінші орынды иеленді. Сондай-ақ ол 2021 жылы 2 метр биіктікке секіріп, жеке рекордын орнатқан.

Қазіргі таңда Надежда Дубовицкая Түркияның Белек қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.