ҰЛДАНАЙ АБЫЛАЙХАН: МАҚСАТЫМ – АЙҚЫН, МҰНЫМЕН ТОҚТАМАЙМЫН

ҰЛДАНАЙ АБЫЛАЙХАН: МАҚСАТЫМ – АЙҚЫН, МҰНЫМЕН ТОҚТАМАЙМЫН

Өскеменде жеңіл атлетикадан U-23 жастар арасындағы ҚР чемпионаты аяқталып, қысқы маусымның нүктесі қойылды. Барлық бәсекелер артта қалған соң, Ольга Рыпакова атындағы манежде болған тартысты доданы асықпай қорытындылауға мүмкіндік бар.

Осы орайда, еліміздің жаңа рекордтарына тоқталуды жөн көрдік. Ал 2000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден топ жарған түркістандық Ұлданай Абылайханның жеңісін аттап өту мүмкін емес.

Стиплчезден ең баяу нәтиже биыл қаңтарда өткен ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігінде тіркеліпті. Сол сында Сәния Құдайберген 7:11,78 нәтижесімен жеңіске жеткен. Бірақ бұл көрсеткішті де жақсартуға болады. Өкінішке қарай, бұл бағдарламада шымкенттік Ақбілек Құралбай өз мүмкіндігін көрсете алған жоқ. Өскеменде өткен жастар арасындағы ел чемпионатында оны асыға күттік. Әсіресе, Ұлданай Абылайхан 6:51,15 нәтижесін көрсетіп, 2000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Ақбілекке тиесілі былтырғы нәтижеге жетіп жығылған соң, екеуара тартыс қыза түседі деп ойлағанбыз. Алайда, қатысушылар тізімінде тұрғанымен, шымкенттік спортшы жастар арасындағы біріншілікке келген жоқ. Осылайша, өзінің рекодын да қорғамады.

Ұлданай болса, өз жұмысын тыныш қана бітіріп жүретін еңбекқор спортшылар қатарынан. Биылғы жетістігіне де ол еш дабырасыз, көшпенді жауынгерлердің стилінде жетті. Бір жарыста бірден екі рекордтың – жастар және жасөспірімдер арасындағы үздік нәтиженің мұртын бұзды. Ұлданайдың керемет жетістігі 2021 жылғы U-20 жас санатындағы Ақбаян Нұрмәметтің (6:50,86) және U-23 санатындағы Ақбілек Құралбайдың былтырғы рекордын артта қалдырды!

СТИПЛЧЕЗ 2000 М

Қыздар

1. Ұлданай Абылхан (Түркістан облысы) – 6:44,43
2. Анастасия Михайлова (Алматы облысы) – 7:18,34
3. Арайлым Нуаразбек (Жетісу) – 7:21,07