Kids Athletics жобасы аясында дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған курс өтті

Kids Athletics жобасы аясында дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған курс өтті

Бүгінде елімізде бұқаралық спортты дамыту мәселесі алдыңғы орынға шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында балалар мен жасөспірімдер спортының өркендеуіне жол ашып, мектеп оқушыларының бұқаралық спортқа бет бұруына жағдай жасауды жіті тапсырған болатын. Отандық жеңіл атлетика федерациясы президент тапсырмасын орындап, еліміздегі спортты дамыту жолында көптеген жұмыстар жүргізуде. Соның бірі — дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне арналған біліктілік арттыру курсы. Бұл курстың басты артықшылығы — жеңіл атлетика негіздерін үйретуге арналған әлемдік Kids Athletics бағдарламасы бойынша оқытылуында, деп жазады федерацияның баспасөз қызметі.

Жеңіл атлетика әлем жанкүйерлеріне «спорт падишасы» деген атпен таныс. Себебі, Олимпиада ойындарында ең көп медаль тарататын, 47 жүлде жиынтығын сарапқа салатын жалғыз спорт түрі — жеңіл атлетика. Ал жеңіл атлетиканың бастауында тұрған балалар спортын дамытуға арналған Kids Athletics бағдарламасы Қазақстанда да сәтті жүзеге асып келеді.

Kids Athletics — дүниежүзілік жеңіл атлетика федерациясының (World Athletics) бастамасымен енгізілген жүйе. 2005 жылы басталған жобаны бүгінде әлемдегі 134 федерация қолданысқа енгізді. Ал осы бағдарлама аясында жеңіл атлетика негіздерін үйренген балалар саны 13 миллионнан асады.

Осы орайда, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығымен бірлесе отырып, дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған біліктілік арттыру курсын өткізді.

«Жалпы білім беретін мектептерде жеңіл атлетиканы оқыту әдістемесі. Оқу үдерісінде Kids Athletics бағдарламасын пайдалану арқылы жеңіл атлетикадағы жүгіру, секіру және лақтыру жаттығуларының негізгі элементтерін меңгеру» тақырыбы бойынша өткізілген курсқа еліміздің әр аймағынан жалпы есебі 22 мұғалім қатысты.

Атап айтар болсақ, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы, Астана, Шымкент, Павлодар, Атырау және Екібастұз қалаларындағы мектептерде сабақ беретін ұстаздар курс аясында біліктіліктерін арттырды. Курс қорытындысы бойынша пән мұғалімдеріне арнайы сертификаттар табысталды. Қазіргі таңда жеңіл атлетика федерациясы балалар спортына қатысты семинарларды жиі өткізуді мақсат етіп отыр.

«Kids Athletics — балалар арасында жеңіл атлетиканы дамытуға арналған бірегей жоба. Бұл жоба әлем елдерінде кеңінен қолданылады және аталған спорт түрін мектеп қабырғасында үйретуге негізделген. Бұл бағдарламаны қазақстандық оқушылар мен жасөспірімдер де жақсы қабылдады. Жыл сайын Kids Athletics аясында түрлі турнирлер өткізіледі. Сондай-ақ, дәстүрлі Ғұсман Қосанов мемориалында да Kids Athletics түлектері ересектермен бірге жарыс жолына шығып, өз шеберліктерін шыңдайды. Бүгінде біз осы жоба аясында қарқынды жұмыс істеуді тоқтатпаймыз», — деді Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының Бас хатшысы Келбет Нұрғазина.

Айта кетелік, тамыз айында Қазақстан Республикасы жеңіл атлетика федерациясы мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы өзара әріптестік туралы Меморандумға қол қойған болатын.