Келбет Нұрғазина Мәскеудегі халықаралық шараға қатысты

Келбет Нұрғазина Мәскеудегі халықаралық шараға қатысты

4–7 маусым аралығында Мәскеу қаласында жеңіл атлетика апталығы өтті. Халықаралық деңгейдегі шараға әлемнің 20-дан астам елінен спортшылар, спорт ұйымдарының өкілдері мен жеңіл атлетика саласының мамандары қатысты.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Келбет Нұрғазина аталған іс-шараға қатысып, халықаралық жарыстарды ұйымдастыру, спорттық инфрақұрылымды тиімді пайдалану және жанкүйерлермен жұмыс жүргізу бағытындағы тәжірибемен танысты.

Апталық аясында Ресей Федерациясының спорт министрі М.В. Дегтяревпен және Бүкілресейлік жеңіл атлетика федерациясының президенті П.М. Фрадковпен кездесу өтті. Кездесу барысында жеңіл атлетиканы дамыту, жарыстарды ұйымдастыру тәжірибесі және спорт саласындағы өзара байланыстар мәселелері талқыланды.

Бағдарлама аясында «Лужники» олимпиадалық кешенінде «Ағайынды Знаменскийлер мемориалы», сондай-ақ Никольская көшесі мен Воробьёвы горы аумағында жеңіл атлетика сайыстары ұйымдастырылды.

Мұндай халықаралық шаралар жарыстарды өткізу мәдениетін жетілдіруге, ұйымдастырушылық тәжірибе алмасуға және жеңіл атлетиканы кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.