Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Азия ойындары мен Пара Азия ойындарының жүлдегерлерін салтанатты түрде марапаттады

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Азия ойындары мен Пара Азия ойындарының жүлдегерлерін салтанатты түрде марапаттады

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы XX Жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарында ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындардан көрінген спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын салтанатты түрде марапаттады.

Іс-шараға Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Бақытұлы, жеңіл атлетика федерациясының бірінші вице-президенті Алпамыс Бақытұлы, сондай-ақ жүлдегер спортшылар, олардың жеке бапкерлері мен спорт саласының өкілдері қатысты.

Жиын барысында Руслан Бақытұлы спортшылардың құрлықтық додадағы жоғары жетістіктерін атап өтіп, бұл жеңістер отандық жеңіл атлетиканың деңгейі мен әлеуетін көрсететінін жеткізді. Федерацияның бірінші вице-президенті Алпамыс Бақытұлы спортшылар мен жаттықтырушылар құрамына қажырлы еңбектері үшін алғыс білдірді.

Салтанатты рәсім аясында байрақты бәсекеде үздік шыққан атлеттер мен олардың бапкерлері арнайы ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Ясмина Тоқсанбаеваға бір бөлмелі пәтердің кілті табысталды

Шараның басты жаңалықтарының бірі – XX Жазғы Азия ойындарында спорттық жүрістен марафон қашықтығында өнер көрсетіп, ерекше ерлік танытқан Ясмина Тоқсанбаеваға бір бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Федерация үшін Ясмина Тоқсанбаева – Азия ойындарының нағыз чемпионы және ел мақтанышы. Сондай-ақ спортшының алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдіреді.

Айта кетейік, федерация Ясмина Тоқсанбаеваға қатысты туындаған дауды аяқсыз қалдырмай, спортшының құқығы мен әділдікті қорғау мақсатында халықаралық спорттық арбитраждық сотта (CAS) істі әрі қарай жалғастырады. Ал спортшыға табысталған пәтер федерация мен демеушілердің қаржылай қолдауы есебінен берілді. Бұл сыйлық құрмет пен қолдаудың белгісі ғана емес, Ясминаның алдағы Олимпиада ойындарына тың серпінмен әрі жоғары мотивациямен дайындалуына бағытталған.

Ұлттық құрама мамандары мен серіктес ұйымдар назардан тыс қалмады

Спортшылардың жеңіске жетуіне зор үлес қосқан штаб мүшелері де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, ұлттық құраманың дәрігеріне, бас жаттықтырушыларға да арнайы сыйақы бөлінді.

Салтанатты кездесу аясында Қазақстан ұлттық құрамасының Азия ойындары мен Азия Пара ойындарына сапалы дайындалуына жан-жақты қолдау көрсетіп, қажетті жағдай жасауға атсалысқан бірқатар ұйым федерация президенті атынан алғыс хаттармен марапатталды. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің, Спортты дамыту дирекциясының, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының, сондай-ақ Спорттық медицина және оңалту орталығының ұжымдарына нәтижелі ынтымақтастығы үшін алғыс білдірілді.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы спортшыларды қолдау мен олардың дайындығына қажетті жағдай жасау жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра бермек.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».