Қазақстан құрамасы U23 Азия чемпионатын алты жүлдемен аяқтады

Қазақстан құрамасы U23 Азия чемпионатын алты жүлдемен аяқтады

Қытайдың Ордос қаласында өткен жеңіл атлетикадан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Төрт күнге созылған құрлық біріншілігінде Қазақстан құрамасы 2 күміс және 4 қола жүлде жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады.

Ел қоржынына күміс жүлдені ұзындыққа секіруден Анастасия Рыпакова мен жетісайыстан Алина Чистякова салды. Қола медальдарға сырықпен секіруден Максим Балабин, 20 шақырымдық спорттық жүрістен Ясмина Тоқсанбаева, сондай-ақ әйелдер құрамасы 4×100 және 4×400 метрлік эстафеталарда қол жеткізді.

Жүлдегерлерден бөлек, бірқатар қазақстандық спортшылар финалдық кезеңге жолдама алып, жоғары нәтижелер көрсетті. Чемпионат барысында ұлттық құрама мүшелерінің бірнешеуі жеке рекордтарын жаңартып, халықаралық деңгейдегі маңызды тәжірибе жинақтады.

Айта кетейік, Ордоста өткен дода жеңіл атлетикадан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионаты тарихындағы алғашқы жарыс болды. Қазақстан құрамасы бұл тарихи турнирге алғаш рет қатысып, алты жүлде жеңіп алып, құрлықтың үздік сегіз командасының қатарына енді.