Қазақстан құрамасы Орталық Азия чемпионатында 10 алтын жүлде жеңіп алды
Ташкентте 23–25 тамыз аралығында өткен жеңіл атлетикадан III Орталық Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы үш күндік жарыста 10 алтын, 8 күміс және 6 қола — барлығы 24 жүлде иеленді.
Құрамаға алғашқы алтынды найза лақтырудан Ұлболсын Есіркеп әкелді. Юлия Башманова 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден, Алина Чистякова ұзындыққа секіруден, Иван Иванов ядро серпуден жеңіске жетті. Мария Ефремова мен Зелимхан Насыров үш қарғып секіруде, ал Михаил Литвин 400 метрге жүгіруде бірінші орын алды.
Виктория Ан чемпионатта екі рет топ жарды. Ол 100 метрге жүгіруде 11,85 секунд, ал 200 метрлік финалда 24,05 секунд нәтиже көрсетіп, екі дүркін жеңімпаз атанды.
Әйелдер арасындағы 4×100 метрлік эстафетада да қазақстандықтар жеңіске жетті. Дарья Гридасова, Маргарита Назаренко, Антонина Чернышова және Юлия Башманова қашықтықты 47,84 секундта еңсерді.
Қазақстан құрамасының алтын жүлделері:
1. Ұлболсын Есіркеп — найза лақтыру;
2. Юлия Башманова — 100 метрге кедергілер арқылы жүгіру;
3. Алина Чистякова — ұзындыққа секіру;
4. Виктория Ан — 100 метрге жүгіру;
5. Иван Иванов — ядро серпу;
6. Мария Ефремова — үш қарғып секіру;
7. Михаил Литвин — 400 метрге жүгіру;
8. Зелимхан Насыров — үш қарғып секіру;
9. Қазақстан әйелдер құрамасы — 4×100 метрлік эстафета;
10. Виктория Ан — 200 метрге жүгіру.
Чемпионатта қазақстандық спортшылар жеке нәтижелерін де жақсартты. Милана Зубарева 400 метрге жүгіруде жеке рекордын 0,63 секундқа жаңартты. Алан Иванов мансабында алғаш рет осы қашықтықты 47 секундқа жетпей жүгіріп өтті. Зелимхан Насыров үш қарғып секіруден мансабындағы екінші үздік нәтижесін көрсетті.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан тоғыз елдің арасында екінші орын алды.