Иван Иванов тамыз айында қатарынан екінші жүлдесіне қол жеткізді. Жақында Ғұсман Қосанов мемориалында қола медаль иеленген спортшы құрлық додасынан олжалы оралды. Оңтүстік Кореяның Мокпо қаласында өткен Азия чемпионатында қазақстандық Иван Иванов ядро лақтырудан қола жүлде жеңіп алды. Бұл спортшының осы маусымдағы айтулы жетістіктерінің бірі. Екі ірі жарыстан соң Иванов шағын сұхбат беріп, командасы мен жанкүйерлерге алғысын айтты, деп жазады Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі.
«Азия чемпионатындағы көрсеткішім көңілімнен шығады. Әрине, маусымдағы ең жақсы нәтижеме сәл жетпей қалды. Десе де, құрлық додасынан жүлде алғаным үшін өте қуаныштымын.
Жақында ғана өз елімізде өткен дәстүрлі Қосанов мемориалында ядро лақтырудан 19.12 нәтижесін тіркеген едім. Мұны осы маусымдағы ең үлкен жетістіктерімнің бірі деп есептеймін.
Осы орайда, маған көмектескен командаластарыма ерекше алғыс айтамын. Жеке бапкерім Виктор Евсюков, бас бапкер Дмитрий Карпов, Спортты дамыту дирекциясы, дәрігерлер мен физиотерапевттердің де еңбегі зор.
Осылайша, маусымды қорытындылай беруге болады. Ендігі мақсатым – келесі жылы өтетін Азия ойындарына қарқынды дайындалу», - дейді Иван Иванов.
Айта кетелік, Мокподағы Азия чемпионатында Иван Иванов 18.58 метр көрсеткішімен қола медальға қол жеткізді. Ал дәстүрлі Ғұсман Қосанов мемориалында 19.12 нәтижесін көрсетті.
Федерация демеушілері: "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры; «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.