Жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Кристина Овчинникова Германияның Остероде-ам-Харц қаласында өткен халықаралық 15th Int. Sparkassenmeeting турниріне қатысып, тағы да күміс жүлдеге ие болды.
«Тағы да» деп екпін түсіруіміз бекер емес: Кристина бұған дейін де, нақтырақ айтсақ, осыдан бірер апта бұрын Польша астанасы Варшавада өткен Konopacka Warsaw Classic халықаралық турнирінде екінші орын алған еді.
Енді міне, араға аз уақыт салып Кристина Овчинникова Остероде-ам-Харц қаласындағы Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (World Athletics) Челленджер санатына кіретін жарыста да өз мықтылығын дәлелдеді.
Жарыстың бас жүлдесі үшін бәсеке Кристина Овчинникова мен гвинеялық Фатумата Бэйли арасында өрбіді. Атлеттер бәсекені 1.77 метр биіктіктен бастады. Бэйли бұл межені алғашқы мүмкіндігінде-ақ бағындырса, Овчинникова екінші талпынысында еңсерді. Кейін екеуі де 1.80 метрді қиналмай секірді.
Ал 1.83 метрде шешуші сәт туды: Бэйли бұл биіктікті бірінші талпынысында бағындырса, Овчинникова үшінші мүмкіндігінде ғана еңсере алды. Осылайша, Фатумата Бэйли жарыстың жеңімпазы атанып, Кристина Овчинникова кезекті рет күміс жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды. Ал қола жүлде 1.67 метрге секірген жергілікті атлет Энато Благословениеге бұйырды.
Жалпы бұл жарыста барлығы 6 спортшы бақ сынады. Овчинникова мен Бэйлиден бөлек, тағы төрт германиялық атлет қатысты. Айта кетейік, Кристина мамыр айынан бері Еуропадағы бірнеше халықаралық жарысқа қатысып, тұрақты түрде жүлдегер атанып жүр. Соның ішінде ең үздік көрсеткішін ол 1 маусым күні Грекияда өткен турнирде тіркеді – ол кезде 1.90 метр биіктікке секіріп, алтын медаль жеңіп алған болатын.