27-31 мамыр күндері Оңтүстік Кореяның шығысында орналасқан Гуми қаласында жеңіл атлетикадан ересектер арасындағы XXVI Азия чемпионаты өтеді. Сары құрлық бәсекесіне ұлттық құрама спортшылары да қатысады.
Сол жарыс алдында Түркияда үш апталық оқу-жаттығу жиынына қатысып жатқан Елизавета Матвеева Qazathletics.kz сайтына сұхбат беріп, жазғы жарыс маусымына жоспарларын айтып берді.
Шығыс Қазақстан облысының тумасы Елизавета Матвеева – 23 жаста. Спорттағы негізгі бағыты – биіктікке секіру. 2024 жылы Елизавета Азиядағы үздік нәтижелердің бірін көрсетіп, 1,92 метр биіктікке секірді (Азия рейтингінде үшінші орын). Ал 2025 жылдың қаңтар айында елордада Әмин Тұяқовтың жүлдесіне арналған халықаралық жарыста 1,88 метр нәтижеге қол жеткізді. Бұл отандық спортшылар арасында қысқы маусымдағы ең үздік көрсеткіш.
– Жоспар бойынша ел ішіндегі барлық ірі жарысқа қатысамын. Атап айтқанда, ел чемпионаты мен кубогы және Қосанов мемориалы бар. Сондай-ақ Еуропада өтетін жарыстарда өнер көрсетіп, жазғы әлем чемпионатына қатысу үшін қажетті ұпай жинағым келеді. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік Универсиадаға да дайындаламыз. Бірақ маусымдағы алғашқы жарысым Кореядағы Азия чемпионаты болмақ.
– Гуми қаласындағы Азия чемпионатына қандай мақсат қойып отырсың?
– Жалпы, ірі жарыстар жайлы алдын ала айтқанды онша ұнатпаймын. Дегенмен, жоспар – жақсы нәтиже көрсету және, әрине, Азия чемпионатының жүлдесін иелену.
– Қазіргі дайындық қалай жүріп жатыр?
– Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны сәтті өтіп жатыр. Бәрі жоспар бойынша. Жазғы маусымды тағатсыздана күтіп жүрмін.