Елизавета Матвеева Азия чемпионатында қола жүлде жеңіп алды

Елизавета Матвеева Азия чемпионатында қола жүлде жеңіп алды

Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы Елизавета Матвеева Қытайдың Чунцин қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетиканың секіру түрлерінен Азия чемпионатында қола медаль иеленді деп хабарлайды Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі.

Биіктікке секіру сайысында өнер көрсеткен отандасымыз 1.80 метр нәтижемен үздік үштікке енді. Бұл көрсеткіш оған құрлықтық додада жүлделі орын алуға мүмкіндік беріп, Қазақстан қоржынына алғашқы медальдардың бірін әкелді. Аталған бағдарлама аясында сынға түскен тағы бір қазақстандық спортшы Надежда Дубовицкая 1.75 метр көрсеткішімен 9-орынға тұрақтады. Ал ұзындыққа секіру сайысында Анастасия Рыпакова 5.52 метр нәтижемен 12-сатыдан көрінді.

Айта кетейік, жеңіл атлетиканың секіру түрлері бойынша Азия чемпионаты тарихта алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жарыс бағдарламасы бойынша келесі күні, 19 мамырда, үш қарғып секіру және сырықпен секіру дисциплиналарында Қазақстан атынан Мария Ефремова мен Полина Иванова бақ сынайды.