Екінші алтын – қоржында: Нора Джеруто Азия чемпионы атанды

Екінші алтын – қоржында: Нора Джеруто Азия чемпионы атанды

Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан Азия чемпионатының төртінші күні отандық атлеттер үшін өте табысты өтіп жатыр. Бұл күні Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері ел қоржынына бірден үш жүлде – алтын, күміс және қола медаль салды.

Атап айтқанда, әйелдер арасындағы 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде бақ сынаған жерлесіміз Нора Джеруто мәре сызығын бірінші болып кесіп, қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Оның көрсеткіші – 9:10.46. Бұл – биылғы Азия чемпионатындағы ел қоржынына түскен екінші алтын медаль. Бұған дейін 10 000 метрге жүгіруде Дейзи Джепкемей топ жарған болатын.

Қазақстанға Азия чемпионатындағы алғашқы алтынды сыйлаған Дейзи Джепкемей жарыстың төртінші күнінде қола жүлдеге қол жеткізді. Нора Джерутомен бір қашықтықта сынға түскен ол 9:12.46 уақыт көрсеткішімен мәре сызығын үшінші болып кесіп өтті. Ал күміс жүлде Үндістан атлеті Парул Чаудхариға (9:12.31) бұйырды.

Сондай-ақ биіктікке секірудің финалдық кезеңінде екі отандасымыз бақ сынады. Бірақ олардың тек біреуі ғана жүлдеге ілікті. 1.86 метр биіктікке секірген Елизавета Матвеева Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ол Азия чемпионы атанған үндістандық Пужа Пужадан (1.89 метр) қалып қойды.

Айта кетерлігі, финал қорытындысы өте қызықты болды: үш бірдей спортшы 1.86 метр биіктікті бағындырғанымен, қосымша көрсеткіштерге сәйкес Надежда Дубовицкая жүлдесіз қалды.

 Нәтижелер:

 Пужа Пужа – 1.89 м

 Елизавета Матвеева – 1.86 м

 Сафина Садуллаева – 1.86 м

 Надежда Дубовицкая – 1.86 м

 Айта кетейік, Елизавета Матвеева 2023 жылғы Азия чемпионатында да дәл осы биіктікке (1.86 м) секіріп, күміс жүлдеге ие болған еді.