Қазақстандық жеңіл атлет Дэйзи Джипкемей Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында 10 000 метрге жүгіруден төртінші орын алды.
Спортшы жарысты 33:03,21 нәтижесімен аяқтап, осы маусымдағы ең үздік көрсеткішін тіркеді. Сонымен қатар бұл нәтиже Қазақстан спортшыларының Азия ойындарындағы 10 000 метрге жүгірудегі ең үздік көрсеткіші болды. Жарыс барысында Дэйзи Джипкемей қашықтықтың басым бөлігінде көш бастап тұрды. Алайда мәреге жақын уақытта Бахрейн мен Жапония спортшылары қарқынын үдетіп, жүлделі орындарға таласты.
Нәтижесінде Бахрейн өкілі Уинфрид Яви 32:39,18 көрсеткішімен алтын медаль иеленді. Жапониялық Нозоми Танака 32:41,54 нәтижесімен екінші орын алса, Үндістан өкілі Сиима 32:50,05 көрсеткішімен үздік үштікті түйіндеді.
Дэйзи Джипкемейдің 33:03,21 нәтижесі үш жыл бұрын Ханчжоуда көрсетілген Қазақстанның осы қашықтықтағы нәтижесінен 12 секундқа жылдам. 2023 жылғы Азия ойындарында Каролин Кипкируи 33:15,83 нәтижесімен қола медаль жеңіп алған еді.
Азия ойындары. 10 000 метр. Әйелдер
Уинфрид Яви (Бахрейн) – 32:39,18
Нозоми Танака (Жапония) – 32:41,54
Сиима (Үндістан) – 32:50,05
Дэйзи Джипкемей (Қазақстан) – 33:03,21
Фото: Сали Сабиров