Жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі – Дейзи Джепкемей Нидерландтың Хенгело қаласында өткен FBK Games турнирінде 3000 метр қашықтықта өнер көрсетіп, Азия чемпионатындағы нәтижесін жақсарта алды.
Халықаралық турнирде Дейзи Джепкемей 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру сайысына қатысты. Бұл қашықтық Джепкемейдің негізгі бағдарламасы саналмайды. Дегенмен, ол осы қашықтықта әлем біріншілігіне қатысуға мүмкіндік беретін жолдаманы иеленіп қойған.
3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру сайысына отандасымызды қосқанда әлемнің ең үздік 14 спортшысы бақ сынады. Атап айтқанда, АҚШ, Испания, Уганда, Кения, Польша, Тунис, Франция, Израиль, Бразилия, Нидерланд, Эфиопия және Бельгия өкілдері жүлдеге таласты.
Аталған қашықтықты 9 минут 07.09 секундта жүгіріп өткен Токио Олимпиадасының чемпионы және Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері — угандалық Перут Чемутай жеңімпаз атанды. Эфиопиялық Вусан Асефа (9:20.83) екінші орынға ие болса, үшінші орын кениялық Карен Чебетке (9:22.35) бұйырды. Ал жерлесіміз Дейзи Джепкемей жарысты 9 минут 25.87 секунд нәтижесімен 8-орынмен аяқтады.
Жоғарыда айтып өткендей, бұл қашықтық отандасымыздың негізгі бағыты емес. Дегенмен, 3000 метрге кедергілермен жарысуда ел қоржынына жүлде салып жүрген тәжірибелі спортшы. Жуырда ғана Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында өткен сары құрлық додасында дәл осы қашықтықта қола жүлдегер атанған болатын. Сол жолы ол 9:27.51 уақыт көрсеткішімен үшінші орынға ие болса, Нидерландтағы жарыста Дейзи өз нәтижесін 2 секундқа жақсарта алды.
Сондай-ақ, ол Азия чемпионатында 10 000 метр қашықтықта ел қоржынына алтын жүлде салғанын айта кеткен жөн.