Бүгін Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында жеңіл атлетикадан XXVI Азия чемпионатының шымылдығы түрілді. Жарыстың алғашқы күнінде 20 шақырымдық спорттық жүріс сайысында алғашқы жүлделер сарапқа салынды. Әйелдер арасындағы жарыста сынға түскен отандасымыз Ясмина Токсанбаева жүлдегерлер қатарынан көрінді.
27 мамыр күні таңертең өткен 20 шақырымдық спорттық жүріс жарысына 11 спортшы қатысты. Олардың арасында Кореядан – 3, Жапониядан – 2, Қытайдан – 2, Индонезиядан – 2, ал Мьянма мен Қазақстаннан бір-бір спортшыдан болды. Отандасымыз аталған қашықтықты 1 сағат 32 минут 22 секундта жүріп өтіп, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Бұл – Ясминаның жеке рекорды. Бұған дейінгі үздік көрсеткіші – 1:33:11 болатын. Яғни, Токсанбаева өз нәтижесін 56 секундқа жақсартты. Бұл – 20 жастағы атлетіміз үшін тамаша нәтиже.
Сондай-ақ дәл осы бағдарламада ерлер арасында тағы бір отандасымыз – Георгий Шейко сынға түсіп, мәре сызығын жетінші болып кесті. Бүгінгі жарыс күні әлі аяқталған жоқ. Отандастарымыз бірнеше бағдарламада финалдық сайыстарын өткізеді.
Айта кетейік, Гуми қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында 31 жеңіл атлет (13-і ер, 18-і әйел) жүлделер үшін сынға түсуде. Сары құрлық додасы 31 мамырда өз мәресіне жетеді.