Бұл күндері Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты өтіп жатқаны белгілі. Сары құрлық додасының төртінші күнінде спортшылар 19 бағдарлама бойынша іріктеу және финалдық жарыстарын өткізіп жатыр.
Жарыстың таңғы бағдарламасында ерлер арасындағы 200 метрге жүгіруден іріктеу жарыстары өтті. Бұл сында ел намысын Алмат Төлебаев пен Виталий Земс қорғады. Өкінішке қарай, Алмат Төлебаев өз тобында төртінші орын алып, жартылай финалға шыға алмады. Оның уақыт көрсеткіші – 22.01 секунд. Жартылай финалға өту үшін өз тобыңда кем дегенде үшінші орын иелену қажет еді.
Ал Виталий Земс еш қиындықсыз жартылай финалға жолдама алды. Ол да өз тобында төртінші болып келді. Алайда оның көрсеткіші Алматқа қарағанда әлдеқайда жақсы болды – 21.38 секунд. Жалпы нәтиже бойынша Виталий Земс 11-орыннан көрінсе, Алмат Төлебаев 20-орынға тұрақтады. 200 метрге жүгіруден жартылай финал бүгін кешкі бағдарламада өтеді. Ал шешуші жарыс 31 мамырда өтпек.
Сондай-ақ бүгін әйелдер арасында 200 метрге жүгіруден іріктеу кезеңі өтті. Қазақстан құрамасы сапынан бұл сайысқа тәжірибелі спортшылар – Ольга Сафронова мен Виктория Ан қатысты. Жарыс ережесіне сәйкес, әрбір үш іріктеу жарысында алғашқы екі орынды иеленген спортшылар тікелей финалға жолдама алады. Сонымен қатар, уақыт көрсеткіші бойынша тағы екі үздік спортшы финалға шығады. Өкінішке қарай, Сафронова да, Ан да үздік сегіздік қатарына ене алмады.
Ольга Сафронова өз тобында 24.37 секунд нәтижемен бесінші болып келсе, Виктория Ан да бесінші орын алып, 24.41 секунд нәтижемен мәреге жетті. Финалға өту үшін қажетті ең төменгі нәтиже – 23.89 секунд болды.
Бұдан бөлек, найза лақтыру бойынша да іріктеу кезеңі өтті. Бұл сында Қазақстан құрамасынан Артур Гафнер сынға түсіп, финалға өте алмады. Небәрі 15 спортшы іріктеуге қатысып, соның 12-сі финалист атанды. Артур Гафнер 72.66 метр көрсеткішпен жалпы есепте 13-орынға тұрақтады.