Екі апта бұрын Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты өтті. Биыл 26-шы рет ұйымдастырылған сары құрлық додасында отандастарымыз сәтті өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте Қатар спортшыларымен бірге төртінші орынға тұрақтады.
Тарқатып айтсақ, бес күнге созылған жарыста қазақстандықтар 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленді. Атап айтқанда, 3 000 және 5 000 метр қашықтықтарда Нора Джеруто топ жарып, ал 10 000 метрге жүгіруде Дейзи Джепкемей алдына жан салмай, Азия чемпионы атанды. Айта кетерлігі, Қазақстан әйелдер құрамасы бұрын-соңды 5 000 метрге жүгіру жарысында жүлде алып көрмеген. Осылайша, Нора Джеруто ел спортындағы тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді.
Жалғыз күміс медаль биіктікке секіруден Елизавета Матвееваға бұйырса, қос қола медальді Дейзи Джепкемей (3 000 метр кедергілермен жүгіру) мен Ясмина Токсанбаева (20 км спорттық жүріс) еншіледі.
Енді ұлттық құрама спортшыларының жарыс бағдарламасындағы нәтижелеріне тоқталсақ: биылғы чемпионатта отандастарымыз 5 000, 10 000 метр және 3 000 метр кедергілермен жүгіру, 20 шақырымдық спорттық жүріс пен биіктікке секіру сайыстарында жүлдеге қол жеткізді.
Жоғарыда айтылғандай, 5 000 метр қашықтықта Қазақстан спортшылары Азия чемпионаты тарихында алғаш рет алтын жеңіп алды. Ал 3 000 метрге кедергілермен жүгіруде ұлттық құрама өзінің үшінші жүлдесіне (алтын және қола) қол жеткізді. Бұған дейін бұл қашықтықта тек бір күміс медаль ғана бар болатын – оны 2009 жылы Жапонияда өткен чемпионатта Артем Косинов жеңіп алған еді.
10 000 метрге жүгіруде ұлттық құрама алғашқы және соңғы жүлдені 2023 жылы Таиландта өткен чемпионатта Шадрак Кимутай Коечтің арқасында иеленген.
20 шақырымдық спорттық жүріс сайысында қазақстандықтар дәстүрлі түрде жүлдесіз қалмай келеді. Бұл жарыстағы алғашқы медаль 1993 жылы Филиппинде өткен чемпионатта ерлер арасында Сергей Корепановқа (қола) тиесілі болды.
Биіктікке секіруде отандастарымыз алғашқы Азия біріншілігінен бастап тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, Филиппинде өткен чемпионатта Қазақстан құрамасы сапынан Станилов Мингосан (қола) және Станислав Мингосан (алтын) медаль жеңіп алған. Жалпы, аталған спорт түрінен отандастарымыз бүгінге дейін 20-ға жуық жүлде еншілеген.
Бұдан бөлек, отандастарымыз жеңіл атлетиканың үш қарғып секіру (10-нан аса), 400 метрге кедергілер арқылы жүгіру, 200 және 100 метрге жүгіру, жетісайыс, спорттық жүріс (10-ға жуық) бағдарламаларынан да жүлде алып жүр.