Шығыс Қазақстан облысының өкілі Анастасия Рыпакова Кореяның Гуми қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан XXVI Азия чемпионатының ұзындыққа секіру бәсекесінің іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, финалға шықты.
Ұзындыққа секіруден әйелдер арасындағы іріктеу жарыстарында ел намысын Анастасия Рыпакова мен Алина Чистякова қорғады. Алайда тек Рыпакова финалдық сайысқа жолдама алды. Іріктеуде Рыпакова 6.15 метрге секірсе, Чистякова 5.92 метр нәтиже көрсетті. Бұл сында финалға 12 спортшы өтті.
Сондай-ақ, әйелдер арасында 100 метрге кедергілер арқылы жүгіру іріктеуіне қатысқан қазақстандық жеңіл атлеттер Юлия Башманова мен Антонина Чернышова финалға өте алмады.
Ерлер арасындағы 100 метрге жүгіруде Виталий Земс іріктеуде сәтті өнер көрсетіп, жартылай финалға жолдама алғанымен, финалға шыға алмады. Жартылай финалда ол өз тобында 7 спортшының ішінен 6-орын алды. Уақыт көрсеткіші – 10.58 секунд. Іріктеуде ол 10.51 секунд нәтиже көрсеткен еді.