Қазақстан Республикасының жеңіл атлетика федерациясы World Athletics ұйымының қолдауымен жүзеге асырылатын ауқымды халықаралық Kids’ Athletics бағдарламасын іске қосады

Қазақстан Республикасының жеңіл атлетика федерациясы World Athletics ұйымының қолдауымен жүзеге асырылатын ауқымды халықаралық Kids’ Athletics бағдарламасын іске қосады

Kids’ Athletics – балалар мен жасөспірімдерді жүйелі түрде спортпен шұғылдануға шақыратын, сондай-ақ болашағы зор спорттық резервті дайындайтын тиімді әрі қызықты тетік. Бағдарлама жеңіл атлетика элементтері мен философиясын пайдалана отырып, балалар мен жастарды белсенді өмір салтын ұстануға, дағдыларды дамытуға және спортпен айналысуға ынталандырады. Бағдарлама аясында талантты спортшыларды анықтап, оларды кәсіби спортқа бағыттауға мүмкіндік бар.

Федерация бағдарламаны Қазақстанның батысындағы төрт өңірде кезең-кезеңімен іске асырмақ. Алғашқы кезең Маңғыстау және Атырау облыстарынан басталады. Содан соң, бағдарлама Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында іске қосылады.

Бағдарламаға 4 пен 14 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер, жаттықтырушылар, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мен еріктілер қатысады. Kids’ Athletics бағдарламасы қарапайым әрі қолдануға ыңғайлы оқу материалдары мен жаттығуларды қамтыған. Олар көңілді әрі әлеуметтік ойындар арқылы жеңіл атлетикаға негіз болатын қозғалыс дағдыларын дамытады. Сонымен қатар, мұндай сабақтар балаларды спорттық бағыттармен және жеңіл атлетиканың жарыс түрлерімен таныстырады.

Жеңіл атлетика бұқаралық спорт түрі ретінде де кең танымал. Спорттың бұл түрі көпшілік жерде қолжетімді, сондай-ақ, жаттығулары алуан түрлі.  Жеңіл атлетиканың тағы бір ерекшелігі – жыл бойы ашық алаңдарда да, жабық ғимараттарда да айналысуға болатындығында. Сол себепті, жеңіл атлетикаға деген қызығушылық елімізде жылдан-жылға артып келеді

Анықтама:

Kids’ Athletics бағдарламасы Алматы қаласында төрт жылдан бері сәтті жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама үйлестірушісі Наталья Попованың айтуынша, 2023 жылы жоба 31 алматылық мектепті қамтыды. 1000-нан астам бала балалар жеңіл атлетикасымен тегін айналыса бастады. Кейін 6–7 жас және 8–9 жас аралығындағы балалар арасында жарыстар өткізіле бастады. Балалар алты адамнан құралған командаларға бөлініп, эстафета, кедергілер арқылы жүгіру, ұзындыққа секіру, найза лақтыру және спорттық жүріс бойынша өзара сайысқа түсті.

Kids’ Athletics – спортты дамытуға арналған әлемдегі ең ірі бұқаралық бағдарламалардың бірі,  2002 жылдан бастап жүзеге асып келеді. 2021 жылы бағдарлама жан-жақты қайта қаралып, жаңартылып, цифрлық форматта қолжетімді болды. Соның нәтижесінде ол барынша инклюзивті, икемді, бейімделгіш және балалар мен жастар үшін қызықты бола түсті.

Бағдарлама World Athletics ұйымына мүше 100-ден астам елде жүзеге асырылған. Жалпы алғанда, бағдарлама 13 миллионнан астам бала мен жасөспірімді қамтып отыр.

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жаттықтырушылар, мұғалімдер және жастардың қатысуымен әзірленген Kids’ Athletics бағдарламасы 4 пен 14 жас аралығындағы балаларға ерекше көңілді және сапалы тәжірибе ұсынбақ.

Kids’ Athletics құндылықтарына құрмет, табандылық, достық және мақтаныш жатады. Бағдарлама балаларды спортқа баулып қана қоймай, оның барысында осы құндылықтар туралы ойлануға ықпал етеді.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі