Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа стадионында жеңіл атлетикадан ел чемпионатының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бірінші вице-президенті Алпамыс Бақытұлы мен бас хатшысы Келбет Нұрғазина қатысты.
Біріншіліктің негізгі жарыстары аталған университетінің су жаңа алаңында өтуде. Ал лақтыру түрлері бойынша сайыстар Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде ұйымдастырылуда. Чемпионатқа еліміздің 17 өңірінен 265-тен астам спортшы жиналып, 48 жеке сайыс түрі мен эстафеталық жарыстарда бақ сынауда.
Ұлттық дода 24 шілдеге дейін жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша 2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының құрамы жасақталады. Чемпионаттың алғашқы жарыс күнінде спорттық жүріс, жүгіру, секіру, лақтыру және эстафеталық сайыстар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».