Елордалық оқушылар тек отандық емес, әлемдік деңгейдегі жұлдыз атлеттер өнер көрсеткен «Қазақстан» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде сайысқа түсті.
5 мамырда елордада мектеп оқушыларына арналған Kids’ Athletics және Relay Around the World (әлем бойынша эстафета) атты балалар арасында жарыс өтті. Бұл бастама жеңіл атлетиканы әлем бойынша мектеп оқушылары арасында насихаттауға бағытталған World Athletics халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының бағдарламасы аясында әзірленген.
Жарыстар командалық түрде ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында балғын балалар 30 секундтық арқанмен секіру, допты секіріп лақтыру, денені көтеру (пресс), ұзындыққа секіру, 30 метрлік кедергілермен жүгіру, 30 секундтық қол бүгіп-жазу, эстафета жарыстары, допты себетке лақтыру, қаппен секіру сияқты түрлі сайыстары бойынша сынға түсті.
Осылайша ойын түрінде өткен Kids’ Athletics жарыстары арқылы қатысушылар жеңіл атлетиканың барлық негізгі бағыттарымен, яғни жүгіру, секіру және лақтырумен танысты.
Ең маңыздысы – жарыстар «бірі – бәрі үшін, бәрі – бірі үшін» қағидасымен өтті. Осылайша нағыз спорттық жарыс атмосферасы орнады. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен марапатталды. Бәрі шынайы, үлкен спорттағыдай өтті!
Kids’ Athletics жарыстарын Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Астана» Олимпиадалық даярлық орталығының қолдауымен ұйымдастырғанын айта кетейік.